Бүгін - Бүкіләлемдік обырға қарсы күрес күні
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың тапсырмасына сай Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың Бас директоры А.Қ. Байгенжин және Онкология және радиология ҚазҒЗИ директоры Ж.А. Арзықұлов Хартияға қол қою рәсіміне қатысып қайтты. Қазақстан жағынан Хартияға ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Н.Ж. Дәненов қол қойды. Парижде қазақстандық делегация Францияның онкология саласындағы жетекші ғалымдарымен кездесу өткізіп, Гюстав Руси атындағы онкология институтымен (Париж) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан Республикасының Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Париж хартиясына қосылуы елімізде обыр ауруларын анықтау мен емдеудің ең озық технологияларын қолдануға мүмкіндік береді. Хартия обыр ауруларының күрделі жағдайларын емдеу бойынша елдер арасында тәжірибе алмасуға, дертті ерте анықтауға бағытталған бағдарламалар және жаңаша емдеу әдістерін әзірлеуге, сонымен қатар әлемдік деңгейге сай жас мамандарды дайындауда алғышарттар қалыптастырады.
Париж Хартиясына 2000 жылдың 4 ақпанында қол қойылды. Хартия қатерлі дертпен күресті жаңа мыңжылдықтың халықаралық басым бағыты ретінде жариялады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.