Бүгін еліміздегі 19 мың кітапханашы тұңғыш рет кәсіби мерекесін атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Кітапханалардың ғасыры аяқталды, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады. Кітапханашыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл пікірге түбегейлі келіспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

«

Еліміздегі 70 миллион дана кітап қорына қамқорлық танытып жүрген барша кітапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Менің ойымша, кітапхана ісінің қажеттілігіне және кітапхана ісінің күрделілігіне ешкім күмән келтірмейді. Дегенмен, қоғам арасында «кітапханалардың ғасыры аяқталды, олардың қызметі қағаз тасығыштар дәуіріндегі атавизм ретінде ескіреді, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады» деген сынды теріс пікірлер бар. Мен мұндай пікірмен түбегейлі келіспеймін. Жалпы, технологияға көзсіз табыну мен цифрға деген соқыр сенім біздің ұрпақтың санасын құндылықтарға терең бойлауға мүмкіндік бермей, адастырады деп санаймын

«, - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі заманғы көпшілік кітапхананың функционалдығы кітаптарды сақтау, жүйелеу, цифрландыру және оқырмандарға ұсыну шеңберінен әлдеқайда көп бағытты қамтиды. Бұл ретте министрлік кітапханалар жұмысының жаңа қағидаттары мен стандарттарын кезең-кезеңімен енгізумен айналысуға дайын.

«

Кітапхана – бұл білімге үңіліп, саналы түрде, жайлы ортада оқуға келетін ғибадатхана. Біз күнделікті күйбең тірлік қарбаластан арылып, руханият әлеміне енуге мүмкіндік туғызатын қастерлі орын. Сондықтан, біз кітапхана ісін қолдайтын боламыз. Бұл – біздің берік ұстанымымыз

», - деп түйіндеді министр.

Салтанатты іс-шара аясында ведомство басшысы кітапханашыларға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады және Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттармен марапаттады.

Айта кетейік, елімізде 11 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Оның 7 мыңнан астамы білім беру жүйесіне қарасты, 3 мыңнан астамы мәдениет және спорт саласына қарасты.

Еске салсақ, жуырда Үкімет «Кітапханашылар күні» жаңа кәсіби мерекесін бекітті.








Фото : gov.kz


Соңғы жаңалықтар