Бүгін ғалым Сейіт Қасқабасовтың туған күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - 76 жыл бұрын (1940) ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі ҚАСҚАБАСОВ Сейіт Асқарұлы дүниеге келді.
None
None

Шығыс Қазақстан облысында туған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған.

Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселелеріне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған. Қасқабасовтың мифология мен прозалық фольклордың шығу тегі мен даму жолдары, фольклордағы әр заман болмысының сипатталу ерекшеліктері, фольклордың көркемдік әдісі туралы теориялық ой-пікірлері мен тұжырымдары өзбек, татар, түрікмен, карақалпақ, башқұрт ғалымдарының зерттеулерінде қолдау тауып, негізге алынды. В.Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері мен ақын-жыраулар шығармалары енген «Алтын сандық», «Ел қазынасы - ескі сөз» жинақтарын құрастырушылардың бірі. Жамбылдың орыс тіліндегі таңдамалы жинағының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, құрастырған.
300-ден аса еңбектің, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографияның авторы.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының, Жамбыл атындағы, Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты.

Соңғы жаңалықтар