14:47, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ? 14 жыл
АСТАНА. Ақпанның 28-і. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 14 жыл толды. 1995 жылғы наурыздың 1-інде Елбасы қол қойған «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті жанынан жаңа консультативтік-кеңестік орган құрылған болатын,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.1995 жылдан бастап, Ассамблея ұлысаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық ұлыстардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды.Құрылған он төрт жылдан бергі уақытта аталған құрылым ұлысаралық келісім саласында айтулы табыстарға жетіп, азаматтардың ұлыстық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, құқығы мен бостандығын сақтаудағы басты кепілі болып келеді.Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді әрі жемісті іс-әрекетінің арқасында еліміздегі ұлысаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Ал Ассамблея қанатының астына 130-дан астам ұлыстың жиналуы аталған ұйымның «кіші БҰҰ» деп аталуына себеп болуда.Алдағы уақытта Қазақстанның беделді еуропалық ұйым ? ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай, еліміздің ұлысаралық қатынастар саласында жинақтаған тәжірибесі, әртүрлі халықтар арасындағы мәдени пікір алмасу алаңы ретінде қолданылады деп күтілуде. Ассамблеяның жаңа конституциялық өкілеттілік пен мәртебеге ие болуы, сонымен қатар, Ассамблеяның атынан Парламент Мәжілісіне 9 депутаттың сайлануы Қазақстан қоғамында еліміздің мемлекет пен қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадамы ретінде бағаланып, әлемдік қауымдастық тарапынан Елбасы Н.Ә. Назарбаев негізін қалаған ұлысаралық және конфессияаралық келісім үлгісі деп мойындалды.Қазақстанды мекендеп отырған ұлыстардың мәдениетін, тілі мен дәстүрін дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда ұлыстық-мәдени бірлестіктердің саны 600-ге жетсе, оның ішінде 28-і республикалық болып табылады.Ел аумағында 11 тілде газет пен журнал жарық көріп, 8 тілде радиохабар, 7 тілде телебағдарламалар таратылады. Өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде толықтай білім беретін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 ұлыс тілінде қосымша сабақтар жүргізіледі. Сонымен қатар, 195 арнайы лингвистикалық орталықтар ашылып, онда 30-ға тарта ұлыс тілін үйренуге мүмкіндік жасалған. Елімізде қазақ және орыс драма театрларымен қатар, өзбек, ұйғыр, корей және неміс ұлттық театрлары жұмыс істейді.2008 жыл Ассамблея үшін маңызды жыл болды. Қазанның 20-сында Елбасы әлемнің ешбір елінің тәжірибесінде жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойып, Қазақстан халқы Ассамблеясын еліміздің саяси жүйесіндегі тең құқықты заңды субъект түрінде бекітті. Қабылданған заңға сәйкес, Ассамблея құрылымын Ассамблея Сессиясы, Ассамблея Кеңесі, Ассамблея Хатшылығы және облыс ассамблеялары (республикалық маңызға ие қалалар, Астана) құрайды.Қазақстан Республикасының Президенті ? Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы қазанның 23-інде өткен Ассамблеяның ХІV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес, аталған құрылым жанынан тұрақты әрекет ететін Ғылыми-сараптамалық кеңес, Ұлысаралық келісім қоры құрылды. Сонымен қатар, Төрағаның орынбасарларының саны мен тағайындалу тәртібі өзгертілді. Жаңа тәртіп бойынша, Ассамблея Төрағасының екі орынбасары республикалық ұлттық-мәдени бірлестік өкілдерінен тағайындалып, жыл сайын өзгертіліп отырса, біреуі ? Ассамблея Хатшылығын басқарады. Аталған бағытта қабылданған шаралар Ассамблеяның оң бағытта нығаюына септігін тигізіп, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының ұлысаралық қатынастар саласындағы ортақ мақсаттарын бірлесе орындауға, халық бірлігін еселеуге және бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлесін қосады.