Бүгін Қазақстанның басым аумағында күшті желдер тұрып, қар жауады, бұрқасын мен көктайғақ болады - Қазгидромет

АНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Қазгидрометтің» болжауынша, бүгін Қазақстанның басым аумағы циклон мен оның ағымдары бөліктерінің ықпалында болады.
None
None

Сондықтан жекелеген өңірлерде күшті желдер тұрып, қар жауады, бұрқасын мен көктайғақ болады. Оңтүстікте жаңбыр мен қар араласқан жауын жауады.

Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында бұрқасын болады, секундына 15-20 метр жылдамдықпен соққан желдің күші кей уақытта 25-ке жетеді деп күтілуде. Қарағанды мен Қостанайда - кей жерлерде көктайғақ болады.

Ақтөбе және Павлодар облыстарының жекелеген жерлерінде - бұрқасын, 15-22 м/с екпінде жел соғады. Ақтөбеде сондай-ақ, тұман, көктайғақ болжануда.

Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарының кей өңірлерінде тұман, күндіз 15-22 м/с күшпен жел соғады. ШҚО-да кей аумақтарда - бұрқасын, Маңғыстауда - көктайғақ болуы ықтимал.

Жамбыл, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде тұман сақталады. Қызылордада көктайғақ күтілуде.

Алматы облысының Жалаңашкөл аумағында оңтүстік-батыстан 17-23 м/с жылдамдықта жел тұрады.

Соңғы жаңалықтар