Бүгін - қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 85 жыл
Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның қазіргі әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі алатын орны орасан. Сазгер 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында туған. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын, Ташкенттегі музыка училищесін, Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметпен айналысқан. Ол ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде танылды. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік - Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын «Ақ ерке - Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына байланысты үш бірдей Жарлыққа қол қойды. Елбасының бірінші Жарлығымен оған «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы (1991 ж.) берілсе, екінші Жарлығымен композитордың «Менің Қазақстаным» шығармасы Әнұранға (2006 ж.) айналды, ал үшінші Жарлығымен Шәмші Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) атанды. 1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке - Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі Ш.Қалдаяқов есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қалдаяқов ескерткіші орнатылған. Ал Шәмшінің пианиносы Ұлттық музейге сыйға тартылған құнды жәдігер. 1991 жылы Ш.Қалдаяқов жайлы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» (режиссері Т.Ахметов) деректі фильмі түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.