Бүгін Құрбан айт мерекесі басталды

Мұсылманның мәртебелі екі мейрамының бірі саналатын Құрбан айт - Алла разылығы үшін құрбандық малы шалынып, мұсылмандар шаттыққа бататын күн. Дәл осы күні қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафат тауында жалбарынып, дұғалар оқиды, Жаратқаннан тілек тілейді. Дүйім мұсылман баласы Ибраһим пайғамбар заманынан келе жатқан игі істі қайта жаңғыртып, Алланың жолында құрбандық шалу арқылы дінге деген беріктіктерін танытатын болады. «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Демек, үш күн айтта адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады.
Биылғы Құрбан айт мерекесі 1 қыркүйекте басталып, 3 күнге созылады. Бүгін сағат 07.00-де елорданың 8 мешітінде Айт намазы оқылады және 3 қыркүйекке дейін құрбандық шалу өтеді.
Еліміздің өңір-өңіріндегі құрбандыққа шалынатын қой мен ірі қараның бағасы, қасапшы қызметінің құны мен ірі шаһарлардағы ресми түрде бекітілген мал сою алаңдары туралы пайдалы ақпараттарды мына сілтемеден білуге болады.