Бүгін Минскіде Қазақстанның Беларусьтегі Мәдениет күндері ашылады

Салтанатты рәсім Беларусь Мемлекеттік академиялық музыкалық театрының сахнасында өтіп, одан кейін өнер шеберлерінің гала-концерті болады. Концерт бағдарламасы бойынша, «Аққу» би ансамблі, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ulytau» этно-рок тобы, «Серпер» домбырашылар ансамблі өнер көрсетеді деп жоспарлануда.
Беларусь халқының алдында ҚР Халық әртісі Р. Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Б. Жанұзақ, А. Трегубенко, Ж. Жарқымбаева, Н. Бекмұхамбетов сынды Қазақстанның маңдайалды әртістері де өз өнерлерін паш етпек.
Сахнада Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» күйлері ойналып, мың бұралған бишілер «Би күйі» қазақ ұлттық биін билейді, сондай-ақ, атақты қазақ және беларус халық әндері орындалады.
Іс-шараны ұйымдастырушы - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Ресми делегация құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, вице-министр Асқар Бөрібаев, департамент басшысы Асқар Смағұлов, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті Ғалымжан Өтеубайұлы бар.
2014 жылы Қазақстан Республикасында Беларусь Республикасының Мәдениет күндерін өткізу жоспарлануда.