14:10, 16 Ақпан 2009 | GMT +5
Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 10 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында «Нұр Отан» ХДП халықтық сенім партиясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Нұр Отан» ХДП халықтық сенім партиясы» тақырыбында ұйымдастырылған арнайы шара аталмыш партияның 10 жылдық мерейтойына арналған. Конференцияның мақсаты ? партияның тарихи жолын, еліміз бен қазақстандық қоғамның заманауи өміріндегі алар орнын ұғыну, «Нұр Отан» партиясының даму болашағына қатысты ұсыныстар әзірлеу.«Бүгінде партияның басым бағыты еліміздің саяси жүйесін президенттік басқарудан президенттік-парламенттікке өзгерту болып табылады. Партия парламентаризмді дамытуға барлық күш-жігерін салуда. Атап айтқанда, ҚР Парламентінің рөлін күшейтуде, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуда, мәслихаттардың өкілеттілігін кеңейтуде, жергілікті өзін-өзі басқаруда, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа рөл беруде, сондай-ақ құқық қорғау жүйесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтуда үлкен жетістіктерге қол жеткізілді», - деді конференцияда «Нұр Отан» ХДП хатшысы Сергей Громов.Оның айтуынша, әлемдік дағдарысқа қарамастан, Елбасы әлеуметтік саланы одан әрі дамытуға шақырды. Елімізде денсаулық сақтау, білім беру, балалар және мектепке дейінгі мекемелердің құрылысы жалғасуда, сапалы медициналық қызметті қолайлы ету жөніндегі шаралар қолға алынуда. Партиядағы тағы бір жаңашылдық, енді биылдан бастап «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айына бір рет жұмыс күнінің бір күнін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында өткізетін болады. С.Громовтың сөзіне қарағанда, бұл партияның саяси абыройын артыра түспек.«Нұр Отан» ХДП халықтық сенім партиясы» тақырыбына арналған конференция ҚР Парламенті депутаттарының, Президент Әкімшілігі мен ҚР Үкіметі өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың, сарапшылар мен ғалымдарының, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.