Бүгін - шілде айының 4-5 қараған түні қасиетті Барағат кеші

Өйткені, мұсылмандық қайнар-көздерде бұл кештің ерекше рухани құндылықтармен көмкеріліп, берекеге толы болатындығы айтылған. Бұл туралы www.muftyat.kz сайтында жазылды.
Бұл кешті Ислам ғұламалары «қасиетті кеш», «кешірім кеші», «үкім кеші» деп атайды. Рухани шуағы мол бұл құтты кеште мұсылмандар бар ықыласымен Ұлы Жаратушыға құлшылық етіп, рухани тазаруға қатты көңіл бөледі. Жаңсақ басқан әрбір әрекеті үшін Құдай-Тағаладан кешірім тілейді. Алдағы күндері үшін Алла-Тағалаға жалбарынып медет сұрайды. Себебі, салихалы дереккөздерде бұл қасиетті кештегі тілектерді Хақ-Тағаланың кейін қайтармайтындығы айтылған. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімның Дұхан сүресінің бірінші және төртінші аяттарында: «Ашық баян етуші Құранға серт. Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» деп бұйырады.
Бұнда айтылған «құтты кешті» базбір ғалымдар; «Қадір түні» десе, базбіреулері «Барағат түні» деп жорамалдайды. Кейбір ғалымдар бұл екі көзқарасты сабақтастырып: «Бұл түннің құтты болуы Құран Кәрімнің түсуімен байланысты. Құран Кәрім Шағбан айының он бесінші жұлдызында (барағат кеші) көк жүзіне түскен. Ал, Қадір түнінде (Рамазан айының жиырма жетінші кеші) Ұлы Жаратушының бұйыруымен көк жүзінен Жебірейіл с.ғ.а арқылы Мұхаммед с.ғ.а-ға біртіндеп түсіріле бастаған» деген пікірді алға тартады. Ғұламалардың осы тұжырымының негізінде мұсылман жұртшылығы Барағат кешінің рухани салмағын қасиетті Қадыр кешінен бір мысқалда кем санамайды.
Ислам дерек көздерінде қасиетті бұл түнде мынандай бес құндылықтың бар екендігі айтылады:
Бірінші, Алдағы әрбір маңызды деген істер илаһи тылсым тарапынан осы күні белгіленеді;
Екінші, бұл түндегі жасалған құлшылықтардың ( Құран оқу, намаз, дұға мен зікір, тәубе мен истиғфар) күндізгі жасалған құлшылықтардан сауабы жоғары болады;
Үшінші, бұл түні Алла-Тағаланың нұр-берекесі мен шұғыласы таң шапағына дейін төгіліп тұрады;
Төртінші, бұл түні сұралған кешірім қабыл болады;
Бесінші, бұл түні ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.а-ға шапағат ету құқығы берілген.
Ендеше, мұндай қасиетті түнді ғапылдықта өткізіп алмай Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат, Аллаһдан біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін тілеп (истиғфар), күндізінде ораза, түнінде нәпіл намазды көбірек оқып, құлшылықпен өткізген дұрыс.
Аллаһ тағала тілек, ғибадаттарымызды қабыл етсін! Әмин!