Бүгін - Түркі ынтымақтастығы күні
Естеріңізге сала кетейік, Әзербайжанның Нахчыван қаласында 2009 жылғы 3 қазанда түркітілдес елдер мемлекет басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғыз Республикасының президенттері тарихи Нахчыван құжатына қол қойды. Сол күннен бастап түркі әлемі интеграциясы жаңа бір белеске көтерілді. Аталған келісім нәтижесінде тарихта алғаш рет бауырлас төрт ел Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі атты халықаралық ұйым құрды. Осыдан соң ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы дүниеге келді. Ал ТҮРКСОЙ жаңа серпінмен жұмыс істей бастады.
Айта кету керек, ҚР Президенті Н.Назарбаев түркітілдес халықтарының ІХ саммитінде түркі әлемінің бүгіні, ертеңі және болашағын зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми орталықты құру ұсынысын жасады. Қазақстан Президенті сондай-ақ экономиканы, экологиялық қауіпсіздікті, мәдени-гуманитарлық салаларды дамытуда ынтымақтастықтың анағұрлым перспективалық бағыттарын айқындап берді.
«Ұйым (Түркі кеңесі - ред.) экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брэндті жер-жаһанға танытып отыр», - деген болатын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің үшінші саммитінде.
Фото:turk-media.info