Бүгін Ұлттар лигасы жартылай финалында Нидерланд пен Хорватия кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 маусымнан 15-не қараған түні UEFA Ұлттар лигасы жартылай финалында алғашқы ойын өткізіледі. Бұл күні Нидерланд және Хорватия құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
UEFA Ұлттар лигасының финалдық сатысы 14-18 маусым аралығында Нидерландтың Роттердам және Энсхаде қалаларында өткізіледі.
Жарыстың аталған сатысында Нидерланд, Хорватия, Испания, Италия құрамалары бас бәйгеге таласады.
Бүгін жартылай финалдың алғашқы ойынында Нидерланд пен Хорватия шеберлік байқасады. Ойын елорда уақытымен 00.35-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, 15-нен 16-на қараған түні тағы бір жартылай финалда Испания мен Италия жартылай финал ойынын өткізеді.
Ал үшінші орын үшін ойын мен финал 18 маусымға белгіленген.
Айта кетсек, Ұлттар лигасы 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін 2019 жылы Португалия, 2021 жылы Франция чемпион атанды.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы В дивизионына жолдамаға қол жеткізді.
Қазақстандық футболшылар С лигасы үшінші тобында Словакия, Әзербайжан және Беларусь құрамаларымен сынға түсті.