Бүгін «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық науқан басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялағанына 20 жыл толуына орай, Қазақстанда 2014 жылғы 19 - 28 қараша аралығында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты республикалық ақпараттық науқан өтеді.
«Науқанның мақсаты - балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары мен салдары жайында, сонымен қатар осы салада халықаралық және ұлттық заңнама негіздері туралы қоғамды, балалар мен ересектерді ақпараттандыру. Шара аясында республиканың барлық аймақтарында баспасөз конференциялары, семинарлар, кездесулер, флеш-мобтар, рейдтік іс-шаралар, білім беру ұйымдарында көрмелер және басқа да шаралар өткізіледі»,-делінген ҚР БҒМ мәліметінде.
Осы бағыттағы шараларға зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен зардап шеккен балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсететін, қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдаумен айналысатын мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ата-аналар, балалар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.