Бүгінде барлық жастар ұйымдарын «қайта жүктеу» керек - БҒМ Жастар комитетінің төрағасы
АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгінде барлық жастар ұйымдарын «қайта жүктеу» керек. Былайша айтқанда, олардың жұмысын барынша жандандыру қажет.
Бүгін Астанада өткен «Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының даму болашағы және қазіргі мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов осылай айтты.
«Өйткені, соңғы кездері олар сылбыр жұмыс істей бастады. Мұны мойындау қажет. Сол ұйымдар қазіргі жастарды барынша ұйымдастыра білулері керек», - дейді Ғ.Оспанқұлов. Оның айтуынша, жақын арада министрлік жастар ұйымдарын жинап, арнайы кеңес өткізуді көздеп отыр. Онда барлық жастар ұйымдарының жұмысын жандандыру мәселесі көтерілмек. «Бәлкім, біз бұрын жұмыс істеген жастарды қайта тартармыз. Себебі, олардың кезінде қазіргі ұйымдар белсенді қызмет еткен. Әсіресе, студенттер арасындағы жұмысты күшейту керек. Осы орайда Қазақстанның студенттер альянсын барынша жандандырған жөн», - деп атап көрсетті комитет басшысы.