Бүгінде қазақ балеті Еуразиялық кеңістіктегі балет өнерінің көшбасшысы екендігін дәлелдеді - Т.Нұрқалиев
- «Астана Опера» десе бұнда ұлттың ұлы мұраттары орындалып жатыр деп ойлаймыз. Олай дейтініміз осы театрдың ашылуында Елбасы: «Зауыттар мен жолдар салатын ел, берік тірегін болашақ жылдар бойына орнатады. Мектептер мен аурухана салатын ел, ұлт болашағының ондаған жылдар бойғы қамын жейді. Театр тұрғызатын ел, ғасырлар арқылы болашағына көз тігеді» - деген еді. «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, ерекше қолдауымен дүниеге келді. Әлемдік ең озық деңгеймен салынған «Астана Опера» театры балетіндегі соңғы, жаңа репертуарлар туралы айтып берсеңіз...
- «Астана Опера» театры өзінің Екінші маусымының бірінші жартысында көрерменді «Қарагөз» ұлттық балетінің және «Жаңғақ шаққыш» балетінің тұсаукесерімен қуантты. Аталған шаралар бір айдың ішінде жүзеге асып, театрдың репертуарын толықтырды. «Қарагөз» балеті өзіңіз білетіндей, Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың музыкасына жазылған. Қойылымды Еуропалық балет академиясының профессоры, белгілі хореограф Вакиль Усманов сахнаға шығарса, музыкалық редакциясын театрымыздың музыкалық жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов жасады. «Астана Опера» қойған «Қарагөз» балетінің музыкасы түпнұсқадан - Ғ. Жұбанованың «Қарагөз» балетінен де кеңірек. Мұнымен қатар ол әдеби дереккөзге жақын келеді. Кейіпкерлерді музыкалық және хореографиялық тұрғыдан жан-жақты ашып көрсету үшін Ғазиза Ахметқызының бүкіл шығармашылығына үңілдік. Нәтижесінде, біз спектакльге «Қарагөз» балетінің музыкасынан бөлек «Сарыөзек метафораларының» үшінші симфониясын, Скрипкалы концертті, сондай-ақ Ішекті квартеттің екі бөлімін пайдаландық. Көрермен де, шетелдік сыншылар да, ұлттық балетімізге, әртістерімізге лайықты бағасын берді.
Жаңа жыл қарсаңында Юрий Григорович «Жаңғақ шаққыш» балетінің тұсауын кесті. Астана тұрғындары мен қонақтары ертегідей еліктірер спектакльді 5 күн бойы, 7 мәрте тамашалады. Көңіл қашанда жас, бәріміз де жас балаша осы бір мереке қарсаңында жақсылық, сыйлық күтеміз. Сондықтан «Астана Опера» театры мейрамдар қарсаңында бір айдың ішінде көрерменін екі тұсаукесермен қуантты. Ағымдағы жылғы театрдың жоспарында «Абай» операсы, «Бақшасарай фонтаны» балеті, «Қыз Жібек» операсы, «Баядерка» балеті бар.
- Қазақстандағы бүгінгі балетті «орыс мектебі» деп жатамыз. Шынын айтқанда, өнердің осы түрі батыстан бізге орыстар арқылы келуі келді. Балеттің бізге келген бір ғасырға жуық уақыттан бері «Қазақ балеті» деген атауды ресми қалыптастыра алдық па?
- Әрине. Кейінгі жылдары, әсіресе, егеменді ел болғалы біз қазақ балеті деген ұғымды қалыптастыра алдық. Қазір біздің өнерімізді тамашалаған адамдар таңғалады, неге десеңіз, классикалық балеттегі бишілеріміздің кәсіби деңгейі өте жоғары. Бұл қалай десеңіз, менің айтарым, біз классикалық балетті соңғы 25 жылда қазақ балеті ретінде қалыптастырдық. Біздің спектакльдеріміз, қандай да бір номерлер болмасын, ол орындаушының көзқарасы, актерлық шеберлігімен айшықталып тұрады. Егер балетте қаракөздеріміз билесе, онда орындау мәнері де, ішкі жан-дүниеңді ақтару да қазақша болады. «Қыпшақтар биін» шетелдік гастрольге апарғанда, сырт елдегі көрермен таңғалды және айтқандары: «Жиырмасыншы ғасырдың басында қойылған би, дәл қазіргі сіздердің болмыстарыңызға арналған екен. Себебі әртістеріңіздің орындауындағы бұл би өзінің бір шарықтау шыңына жетті».
Бұл біздің солистеріміздің өзіндік ерекшелігі, актерлік қабілеті, сахнаға дәріптеп шығарған өз дүниесі. Сондықтан қазір қазақ балеті деген ұғым бар. Біреу арбаның артқы дөңгелегін итерсе, біреу алдыңғы дөңгелегін сүйрейді, осылайша отандық балетімізге жанашыр болып жүрген азаматтар қазіргі таңда қазақ балетін қалыптастыра алды. Астана Опера театрына келген көрермен қазақ балетін тамашалауға келеді деп сенімді түрде айта аламын.
- Сіздің балетте жүргеніңізге 50 жылдай уақыт болып қалды. Өнердің бұл түрімен айналысуыңызға ата-анаңызда аса ықыласты болмаған көрінеді. Жалпы би өнерін, соның ішінде балетті таңдауыңыз кездейсоқтықтан ба, әлде болмысыңызда ерекше бейіміңіз бар ма еді?
- Бала кезімнен бойымда билеймін деген бір құлшыныс болмаса да, балалық арман бізді алға жетеледі. Балалық шағымыз тұспа-тұс келген 50 жылдардың соңы, 60 жылдардың басында қазақ қоғамының көзқарасы басқаша болатын. Бұл кеңес заманының жаңа-жаңа серпін алып, қанат жая бастаған тұсы, ол жаңалықтарды бәрі бірдей құшақ жайып қарсы алған жоқ. Дегенмен, ата-анам 7 жасымда интернатқа беріп, үкімет бағып-қағып жатыр деп сеніп тапсырды. Ал хореографиялық училищеге 11 жасымда бардым. Алғашында алмай, біресе қайта келіп, сұрақтар туындағаны бар. Сол кездегі училище директорына алғысым шексіз, анамдай болып кетті сол кісі. Шоқтығы биік Шара Жиенқұлова апайымыз бар. Сол кісілер мені оқуға қабылдаған. Мені екінші рет көрсетуге апарғанда, дәліздегі диванда отырған кезім есімнен кетпейді. Отырмын, қайда келдім, не үшін отырмын, түсінбеймін. Өзім қатарлы майка киген, аяқтарында ақ нәски, ішкиіммен бірнеше бала әрі-бері жүріп қоймады. Бір қарағанда біртүрлі көрінді жаңағылар, сосын бір-екі сағаттан соң көзім үйренді, көзбен шолып қызыға бастадым. Баламын, кез келген жаңа дүние, беймәлім өнер тамсандырып, қызығушылық тудырады. «Рекорд» деген кішкентай теледидар болатын, қара түсті. Сол жерден «Аққу көлі» балетінде билеп жатқан Махмұд Есембаевты көрдім, КСРО Халық әртісі, актерлік шеберлігі керемет болатын, сол кісінің билегенін көргенде, менің балетке деген ықыласым ауып, жаныма жақын көрінді, бірден ұмтылдым. Училищеден кейін Абай атындағы МАОБТ-да еңбек ете бастадым, сол биге деген құштарлығымның арқасында, қаншама ізденіп, тер төккенімнің нәтижесінде мен бүгінгі биігіме жеттім және қанша жыл өтсе де, менің сол балетке деген ынтығым алғаш көргендегіден еш кеміген жоқ. Тынбай еңбек етіп келе жатқаныма биыл 45 жыл толады.
Ауылым Қаскелең. Оқуды бітірген кезде, жайлауға әкеме барып, дипломымды көрсетейін деп келіп отырмын. Міне, училищені тәмамдадым, Абай атындағы театрда жұмыс істеп жатырмын деп айтып жатырмын.
- Театрда? Қандай театрда?, - деп салқын сұрады. Мен опера және балет театрында спектакльде билеймін деп бәрін түсіндірдім. Аяғына дейін тыңдады да: - Қайдам..., - деп күрсінді. - Қайтесің оны, ер жігіттің жұмысы емес ол. Таста да, ауылға кел, нағыз ердің жұмысы - мал бағу, - деді.
Ол кезде түсінік басқа. Мен театрға келіп көріңіз, жақынырақ танысыңыз мамандығыммен деп түсіндірумен отырмын. Анаң барса, барып келсін, мен көрмей-ақ қояйын деді. Содан анам барды, билегенімді тамашалады. «Өзіңе ұнаса болды, бізге бола алаңдама» деп қысқа қайырды. Ол кісі көп сөйлемейтін жан еді. Сонда, ата-анам менің таңдауымды түсінбесе де, қолдады, шегелеп қарсылық танытпады.
Сонда, училищені интернаттан келген 11 баланың 3-уі ғана бітірді. Жыл сайын каникулға кеткеннен келмей, қалып қоятын. Ол кезде балет қазақ жеріне жаңа енген, бұған дейін болмаған бидің түрі, сол себепті үлкен кісілер үркіп қарайтын. Қазір демалыс алғанда ауылға барасың, туыстар жиналып, кейбірі көздеріне жас алады, әттең, әке-шешең бүгінгі жетістігіңді көре алмай кетті деп жатады. Дегенмен, осы балетке келгенім, сол ата-анамның арқасы, неге десеңіз, балет сол кезде қоғамға жат өнер болса да, олар іштей менің қалауымды, талпынысымды, жаныма жақын өнерді таңдап алғанымды қолдады. Біржола, барма, таста деп шорт кескен жоқ.
- Қазақта балет өнерінің негізін қалаушылар ретінде кімдердің есімдерін ерекше атар едіңіз...
- Әрине, менің ұстаздарымның бірі, алғаш рет балет қазақ жерінде тамыр жая бастағалы соның негізінің бір кірпішін қалағандардың бірі - Шара Жиенқұлова болатын. Қазақ биі, қазақ балеті дегенде ішкен асын жерге қоятын дара тұлға еді. Қазақ биін жандандырып, шетелге апарып, бір жағынан насихаттап, өзінің өнерімен де талайды тамсандырған қазақтың маңдайына біткен біртуар жарық жұлдызы. Дәурен Тастанбекұлы Әбіров деген аты елді жайлаған қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері де, көпке танымал Зауырбек Молдағалиұлы Райбаев та ұстаздық етті маған. Бұл тарландарымыздың қазақ биі, қазақ балеті дегенде жүрегі ауырып тұратын. Осындай кісілерден дәріс алған менде арман жоқ және солар берген тәлім-тәрбиенің арқасында бүгінге жетіп отырмын десем артық айтқандық емес. Мен ол шеберлеріміздің сахнада қалай өнер көрсеткенін тамашаладым, менің сахнаға шыққанымды қазіргі шәкірттерім тамашалады, осы орайда ұстаздарымнан алған бар өнерімді «Астана Опера» қабырғасында билеп жүрген шәкірттерім жалғастырар деп үміттенемін. Балет - жеңіл өнер деп айта алмаймын, оның күнделікті талап ететін жұмысы ауыр. Сахнаға шығаратын 2 сағаттық спектакльдің немесе 3 минуттық номердің дайындығына бір-екі ай кетуі мүмкін, қаншама тер төгесің. Физикалық тұрғыдан қиын, алайда сахнаға шыққанда, барлық ауыртпалық ұмтылып, ізі де қалмайды. Сахна - ол бір магнит сияқты, тартып тұрады, сол үшін барлық қиындыққа төзесің.
- Кезінде Қазақ балет өнерінің жілігін шағып, майын ішкен бір ағамыз «Қазақта ұлттық би болған жоқ, оны басқалардан әкеліп дамыттық», - деп айтып қалды...
- Астана алғаш қаланғанда, биді коммерцияға айналдырғысы келетін кейбір адамдар, «қазақта би болмаған, біз соны алып келдік, қалай билеу керектігін көрсетеміз» деп мәлімдеген болатын, сол сөздер менің жүрегіме қатты тиді, неге десеңіз, мен қазақ жерінде қазақ биі болған жоқ дегенмен келіспеймін. Ұлтымыздың бар өнерін аяқасты етуге болмайды. Мен қазақ биін өз көзіммен көріп өстім, бала күнімнен сол биді сусындадым, қалайша оны жоққа шығарамын. Сондай кедергі, жағымсыз әсер тудыратын адамдар аз болса, елімізде өнер болсын, басқа сала болсын қарқынды дамып, алға баса береді. Дегенмен, уақыт бәрін өз орнына қойып жатыр. Сондықтан қазақ биі заманға сай өзінің дамуын жалғастырып жатыр. Шара Жиенқұлова арнайы бұйрықпен 1965 жылы Алматыдағы Селезнев атындағы хореография училищесінде қазақ биін жеке пән етіп енгізді. Ғайни Бейсенова деген педагог сонымен айналысқан және басқа ұстаздар бар, мен де кезінде айналыстым.
- «Қазақ балеті» деген атауы бар балеттеріңізде біздің қазақ билерінің бояуын қаншалықты сіңіре алдық? Жоқ әлде сол «Ұлттық биді дамытуымыз керек» деген ұрандар төңірегінде ғана келе жатырмыз ба?
- Әрине, балетте қазақы стиль бар. Бидің ағымы дейміз, қазақ балетінің негізі орыс балетінен қаланды, бірақ біздің қазақ балетінің өзіндік қимылы, қолды, аяқты ұстау дегенде өзіндік нақышы қалыптасты. Ал орыс балеті өз кезегінде әлемдік классикадан өрбіді. Сосын, әр адамның өзінің орындау қабілеті болады. Айталық, «Аққу көлінде» Зигфридті билегенде өзге ұлт өкілінің оны орындау мәнері басқа, ал «Астана Опера» сахнасында ағымдағы жылдың 11 қаңтарында өткен «Аққу көлінде» Еркін Рахметоллаев пен Әйгерім Бекетаеваның билеуі басқа болды. Олар өздеріне тән қазақы нақышпен қимылдап, ерекшеленді, оны балетпен кәсіби тұрғыда айналысатын адамдар ғана ажырата алады. Сондай, өзінің биімен, дарындылығымен, жоғары кәсіби деңгейімен қазақ балетінің дәрежесін, деңгейін көтеруге себепші болған әртістерді қолдауымыз керек. Олар барлығы менің шәкірттерім, ертеден кешке дейін сен оларды жаттықтырасың, шыңдалады, талап еткен жұмыстың нәтижесін, жемісін сахнадан көргенде, жүрегің орнына түседі. Мұның барлығы үлкен күш салуды талап етеді.
Біз қазір көне театрлардың бірі - «Карло Феличе» театрына Италияның Генуя қаласына шақыру алдық. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғалы, қазақ балетінің тарихында алғаш рет болып тұрған жағдай. Бұл, жалпы әлемдік балет тарихында бірінші рет болып тұрған жайт, неге десеңіз, шақырған жақ барлық шығынды: жол ақысы, қонақ үй шығыны, тамақтану, декорацияларды жеткізу және басқа шығындарды толығымен өз мойнына алды. Өзге балеттік труппалар ешқашан мұндай жағдаймен шақыртылған емес. Бұл, Италия жағының «Астана Опера» театрының балетіне деген қызығушылығының белгісі. Балеттік труппаның деңгейін, солардың орындауындағы заманымыздың хореографы Юрий Григорович қойған «Спартак» балетін бейнежазбадан көргенде, итальяндықтар қайран қалды, бірден шақырды. Мұнымен қатар «Аққу көліне», «Жаңғақ шаққыш» спектакльдеріне қызығып отыр, оларды алдағы жоспарларына қойғылары келеді. Біздің әртістеріміздің орындауындағы спектакль оларға ұнады, бұл алғаш рет болып тұрған жағдай, яғни әлемдік деңгейдегі театрлардың қазақ бишілеріне қызығуы - үлкен көрсеткіш. Бір 10 адамды шақырса, жарайды, 83 адамның шығынын мойынға алу - сұраныс көрсеткіші. Бұл - қазақ балетінің жеңісі. Бұл - біздің әртістеріміздің біліктілігі, деңгейінің жоғарылығы. Әдетте шақырса, шақырған жақ жол шығынын труппаның өзіне жүктейді. Ал, Карло Феличе театры барлығын өз мойындарына алып отыр. Бұған дейін қазақ биінің номерлерін апарғанбыз, қуана-қуана қарсы алады итальяндықтар, шетелдіктер. Бұл жолы да Гала концертке бірнеше қазақ биінен әзірлеген нөмірлерді алып барамыз.
Осының бәрі бір күнде және өздігінен жайдан-жай туындай қойған жоқ. Бұл - Елбасының қаншама жылдан бергі мемлекетіміздің өнер саласына, соның ішінде балет пен операға деген қамқорлығының, ерекше көзқарасы мен ықыласының арқасы.
- Қазақстанда балет өнерін тамашалауға деген сұраныс қандай деңгейде? Жалпы бидің осы түрін қоғамда кімдер жиі келіп көреді? Қазақы ортаның қызығушылығы қаншалықты?
- Күләш Байсейітова атындағы театр ашылған кез есімде. Елордамыздағы алғаш өнер ордасы вокзалдың маңында орналасқандықтан, көбіне театрға сол маңайда тұратын әлеуметтік жағдайы орташа тұрғындарымыз келетін. Алғашқы кезде көрермен сырт киімін де шешпей, қасқайып, сын көзбен тамашалайтын. Бір жылдан кейін бас киімдерін де шеше бастады, классикалық өнер ошағына сай киім кие бастады. Яғни, әртістер көрермен мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті, әсер етті. Бүгінде залды қаракөздеріміз толтыратын болды. Неге? Өйткені, олар да қызыға бастады. Енді көрермен арасында шетелдік дипломаттар, жалпы шетелдіктер көп. Жаз кезінде театрды көруге ғана аймақтан келеді десек, қазір айтарлықтай көрерменіміз қалыптасты. Бүгінде көрермен әртістерді таңдап, балеттегі нақты бір солисті тамашалауға келеді, кассадан кім билейтінін сұрайды, спектакльдің құрамын білмейінше, билет алмайтындар да бар, осының барлығы - көрсеткіш. Бүгінгі заманның өнер сүйер қауымы спектакльді қойған хореографтарға да таңдаумен қарайды. Жақында ғана қойған «Аққу көлі» балетіне келген қарияларды көрсеңіз, қуанасыз, себебі олар афишадағы отандық балетмейстерлердің атына қызығып келді. 70-80 жастағы қарттарымыз спектакль аяқталғанда шымылдықтың артына келіп, балет солистеріне, бізге алғыстарын білдіріп, осындай керемет спектакльді өзіміздің қара көздеріміз қойғанына марқайып, таңдай қағып, баталарын беріп кетті. Бұл - халықтың балетті мойындағаны, иланғаны. Неге десеңіз, әлемдік жауһарларды қазақ баласының билегенін көріп, Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаевқа алғыстарын білдіріп жатқаны - мақтаныш. Олардың қалай тамсанғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл осы өнер саласында еңбек етіп жүрген адамдарды қанаттандырады.
- Бүгінгі заманның озық технологиялары кез келген саланы айналып өтпесі белгілі. Классика өнеріне де солай шығар деп білеміз. Сіздердің соңғы техника тілінде сөйлейтін «Астана Опера» театры опера және балетті қойған кезде бірегей сахналық мүмкіндіктерді пайдалана алады. Осындай жаңашыл үрдіс қолданылатын спектакльдердің бірі қазақстандық хореографтар - Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаеваның қойылымындағы «Аққу көлі» балеті екен. Жалпы соңғы заманауи технологиялармен басқа қойылымдар да толықтай жабдықтала ма?
- Біздің сахнамыз ең жоғары технологиялық, ең күрделі спектакльдерді қоюға мүмкіндік береді. «Аққу көлінде» 3D әсердің көмегімен көлдің суы шапшып, сахнаға төгіледі. Мұндай «Аққу көлі» дүние жүзінде жоқ, бұл - эксклюзив, яғни мұндай техникалық мүмкіндік бізде ғана бар. Және осындай ерекшеліктер кез келген спектакльде қолданылады. «Қарагөз» балетін тамашалаған көрермен де сахна механизмінің жаңа көріністеріне куә болды. Жалпы «Астана Опера» театрының сахнасы, техникалық мүмкіндігі жағынан әлемдік деңгейдегі театр. Сахнаның саналуан механизмі, екі деңгейге дейін көтерілуі және басқа заманауи мүмкіндіктерін алда әлі қолданамыз.
- Аты аңызға айналған хореограф Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Жаңғақ шаққыш» дүние жүзіндегі ең сүйікті әрі сұранысы жоғары балеттердің бірі. Оның партитурасы орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің музыкалық мұрасының асыл парақтарының бірі ретінде музыка мәдениетіне енді. Жаңа жыл кешінде «Астана Опера» өзінің сүйікті көрермендеріне осы қойылыммен бөлісті. Жаңа жылды «Жаңғақ шаққыш» балетімен бөлісудегі мақсат туралы қарапайым оқырмандармен ой бөлісе кетсеңіз.
- Сұрағыңыздың өзі жауап беріп тұр. «Жаңғақ шаққыш» дүние жүзіндегі сұранысы жоғары балеттік спектакльдердің бірі. Осындай әлем жауһарларына жататын қойылымдар біздің сахнамызда да қойылуы тиіс. Бұл - әлемдік классика, «Аққу көлі» де, осы қатарда. Егер аты аңызға айналған заманымыздың хореографы Юрий Григорович бізге осындай әлем жауһарларын қойып берсе, бұл біздің балетіміздің деңгейін, репертуарын сол әлемдік деңгейге көтереді. Юрий Григорович - бұл бренд, әлем бас иетін маэстро. Өзін-өзі құрметтейтін кез келген театр репертуарына ол кісінің спектакльдерін енгізуге тырысады. Күні кеше сол кісі «Астана Опера» төрінде «Ұйқыдағы ару», «Спартак», «Жаңғақ шаққыш» балеттерін қойды, енді бүгін біз сол қойылымдармен әлемді аралаймыз.
«Жаңғақ шаққыш» балетін Жаңа жыл қарсаңында қоюдағы тағы бір себеп - спектакльдің жаңа жылдан бәріміз балаша сиқырға толы сәттерден тосынсый күтетініміздей әсер беретіні. Ғажайып әлеміне, ертегі әлеміне жетелейтін қойылым көрерменге, балаларға тамаша мерекелік көңіл-күй, атмосфера сыйлайды.
- Әдетте батыстағы елдерден жаңа қойылымдарды бастаған уақыттарда балеттің мамандарын шақырады деп жатады. Ондай шақырулардың салмағы ауыр болып кетпей ме деген сауалдарымыз да бар. Оларды шақырудың маңызы қаншалықты?
- Бірінші кезекте, мен «Астана Опера» сахнасында барлық балеттік спектакльдер театрдың балеттік труппасының күшімен жүзеге асып жатқанын атап өткім келеді. Біздің әртістеріміздің арасында шетелге шақыртылып, өзге әлемдік театрлар мойындаған бишілер бар, олар: Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева. Театрдың бірінші маусымында Францияның белгілі хореографы Шарль Жюд «Бордо» театрына Мәдина Баспаеваны «Ромео мен Джульетта» спектаклінің тұсаукесерінде Джульеттаның роліне шақырса, Әйгерім Бекетаеваны Ресейдің әйгілі хореографы Борис Эйфман өз театрының әлемдік турнесінде «Роден» балетінде басты партияны орындауға шақырды және Әйгерім Эйфманның труппасына шетелден шақыртылған тұңғыш балерина болды. Шетелдік хореографтардың таңдайын қақтыратын кордебалетіміз қандай мықты.
Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Осы әсем де, техникалық мүмкіндігі әлемдік деңгейдегі өнер ордасын салып берді, қазақ балеті мен операсының шарықтай беруіне жағдай жасады. Бүгінде қазақ балеті - Еуразиялық кеңістіктегі балет өнерінің көшбасшысы. Дүние жүзі Қазақстанды тек мұнай мен өзге шикізатынан ғана емес, қазақ балетінің жұлдыздары Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, сондай-ақ, Дина Хамзина, Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова және басқа опералық әншілерімен, мәдениеттің басқа саласындағы өнер өкілдерімен, мәдениетімізден таниды. Айталық, театрымыз Санкт-Петербордағы Мариинский театрына гастрольмен барған кезде, петерборлықтар гала балеттен кейін түрегеп тұрып шапалақ ұрды. Мұндай жағдай Марийнский театрында соңғы қырық жылда болмаған. Бұл не деген сөз? Бұл - тіс қаққан, 230 жылдан астам уақыт бойы балетті тамашалап келе жатқан бекзат көрерменнің берген бағасы. Санкт-Петерборда балеттің не екенін екінің бірі біледі. Олай болса, қазақ балеті - орыс балеті, француз балеті деген ұғымдармен етене келе жатыр. Бұл - бүгінгі күннің ақиқаты, мен театр балетінің хореографы ретінде осыны қолдаймын.
Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы