Бүгінге дейін ОСК-ге кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген 6 адам өтініш берді

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 14 ақпан күнгі түске дейінгі жағдай бойынша, ҚР Орталық сайлау комиссиясына 2011 жылғы 3 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген 6 адам өтініш берді.
None
None

Айта кетейік, Президенттікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталды және 20 ақпанға дейін жалғасатын болады. Бүгінге дейін өз кандидатураларын өзін-өзі ұсыну жолымен бес адам ұсынды. Олар: «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров, заңгер Сәлім Өтен, эколог ғалым Мұсағали Дуамбеков, жұмыссыз Қанат Есжанов және «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек. Ал 11 ақпанда Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП-ның ХIII съезінде партия қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. Аталмыш кандидаттардың ішінде Мұсағали Дуамбеков, Нұрсұлтан Назарбаев және Сәлім Өтен Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өтті. Сосын Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат аталмыш азаматтардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестігін белгілеу жөнінде қаулылар қабылдады. Осыдан кейін аталмыш кандидаттарға өздерін қолдаған сайлаушылардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.

ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдаған расталған қолдардың саны 91 010 қолды құрайды. Қол жинауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары жүргізеді. Қол жинау топтарының саны мен ондағы адамдар саны шектелмейді. Қол қою парақтарының бүлінуі немесе жоғалып қалуы мүмкіндігін ескере отырып, ОСК әрбір кандидатқа 100 мың қол жинауға жететіндей етіп, 5 мың дана қол қою парақтарын береді. Қажет болған жағдайда кандидаттарға қосымша қол қою парақтары берілетін болады.
Толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылады, олар бес күн ішінде қолдардың растығын паспорт қызметі қызметкерлерінің қатысуымен тексереді, тиісті хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді. Қолдардың растығын тексеру Президенттікке кандидатқа қажет сандағы қолдарды растағанға дейін жүргізіледі. Яғни, азаматтардың 91 010 қолы расталғаннан кейін, қалған қолдардың растығы тексерілмейді.

Ал Президенттіктен үміткерлердің бірі Уәлихан Қайсаров лингвистикалық комиссияның сынынан өте алмай, саяси науқаннан шеттетілді. Алайда ол ОСК-ге құжаттарын қайтадан тапсырып, комиссияның сынынан өтуге тағы бір мәрте талпынған болатын. Алайда 2011 жылғы 12 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы У.Ә.Қайсаровтың өзін-өзі ұсыну жолымен Президенттікке кандидат ретінде дауысқа түсу ниеті туралы 2011 жылғы 9 ақпандағы өтінішін қараусыз қалдырды. Басты себеп - лингвистикалық комиссияның 2011 жылғы 8 ақпандағы отырысында (№2 хаттама) У.Ә.Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп белгіленгендігі, яғни У.Ә.Қайсаровтың Констиуция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заң қоятын талаптардың біріне, нақты айтқанда, мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талапқа сәйкес келмейтіні анықталғандығында.

Ал Амантай қажы Асылбек алдын ала ескертілгеніне қарамастан, 12 ақпанға белгіленген лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды. Алайда бұл аталмыш кандидаттың сайлау науқанынан тыс қалғандығын білдірмейді. Себебі оның емтихан тапсыруға әлі уақыты бар. Әзірге Амантай қажы Асылбектің емтиханды қай күні тапсыратындығы анықталған жоқ.

Президенттіккке кандидаттарды тіркеу жоғары мемлекеттік лауазымға үміткерлер барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан басталады және 2 наурызда аяқталады. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 3 наурызда басталады және 1 сәуірде аяқталады.

Соңғы жаңалықтар