Бүгінгі қойылған ескерткіш Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет, ұлт алдындағы қыруар еңбегіне, мемлекеттік қайраткерлігіне берілген әділ баға - сенатор Қуаныш Сұлтанов
Бүгінгі қойылған ескерткішті Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет, ұлт алдындағы қыруар еңбегіне, мемлекеттік қайраткерлігіне берілген әділ баға, тарихи таным деп қарау керек. Бұл скульптуралық композиция - Тәуелсіз мемлекетіміздің нағыз символы. Сондай-ақ бұл кешен біздің сәулетшілеріміз бен мүсіншілеріміздің шебер шығармашылық туындысы. Бұл туралы бүгін Алматыда Елбасының мүсіні орнатылған мемориалдық кешеннің ашылуында ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов айтты.
Ол ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде сонымен қатар: "Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақты әлемге танытты, мойындатты. Жаңа дәуірдегі Жаңа Қазақстан мемлекетінің негізін қалыптастырып, іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызып, шаңырағын көтеріп, шекарасын бекітті. Елбасы салиқалы сыртқы саясаты, салмақты бастамашыл қағидаттары арқылы дүниежүзілік қоғамдастықта Қазақстанның беделін мейлінше биікке көтерді. Елімізде көп ұлттың, көп діннің басын біріктіріп, татулық орнатып, қоғамдық келісімге келтіріп, тәуелсіз мемлекет мүддесіне жұмылдыра білді. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның қайда екенін, қазақтың кім екенін білмейтін елдердің басшылары Қазақстан Елбасымен санасып, сөзіне құлақ асатын, құрметпен сыйлайтын болды. «Еріне қарап, Елін таниды» деген халық нақылы осындайда айтылса керек",-деп атап өтті.
Ол сондай-ақ,: "Мемлекет болу талпынысын жүзеге асыратын халық, сол халықты мемлекет мүддесіне ұйымдастырып, жұмылдыра алатын асқан қайраткерлік қабілеті бар жетекші Тұлға екендігіне осы жиырма жылда көзіміз жетті. Қазақ халқы ежелден «сөз бастайтын шешенге, қол бастайтын көсемге» жол берген, сенім көрсеткен. Сындарлы кезеңде тарихтың шетінде қалып қоймай, өркениетті өсер елдің тіршілігін жасау үшін халқымыз ел тізгінін арманда кеткен талай ұрпақ, бабалардың мұрагері, ұлт перзенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тапсырды, жорығын қолдап, соңынан ерді. Тұңғыш Президент те халқына берген Антын қалтқысыз орындап, аянбай тер төгумен келеді. Түркия Президенті Абдолла Гүл Қазақстан Президентін бүкіл Түрік әлемінің көшбасшысы деп бағалап, Анкара қаласының мэриясының шешімімен Түркия астанасында өткен жылы Қазақ Президентіне көрікті ескерткіш орнатып, салтанатты мереке өткізді. Біздің Елбасына мұндай құрмет басқа елдерде де көрсетілуде",- деді.
Қуаныш Сұлтанов сөз соңында жиналған қауымды кешеннің ашылуымен құттықтап, :"Ескерткіш елге, жерге құт, тарихта мәңгілік болсын",-деді.
Оның айтуынша, Алматының көшелеріне, саябақтарына, алаңдарына қазақ халқының ардақты тұлғаларының - мемлекет, қоғам, өнер, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің есімдері берілуі, оларға ескерткіш орнатылуы, қазақ тілінің жаңғыруы - ұрпақтың ұлттық санасын оятып, еліміздің тарихын танытуға мол ықпал етуде. "Тарихтың талай тәпсірін басынан өткізген Алматы өзінің шынайы ұлттық нышанын, болмысын, рухани мазмұнын, кескін келбетін еліміз тәуелсіз мемлекет дәрежесіндегі 20 жылда айрықша сезіне бастады. Алматы - ең қасиетті құндылығымыз - Тәуелсіздігімізді жариялап, ұлттың азаттық Туын көтерген Тәуелсіздігіміздің Алтын бесігі. Алматы - ұлттық рух, халықтық бірлігімізді тұтастырып, еңсемізді көтеріп, өркениет жорығын бастаған Тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президентін сайлаған Асыл Орда. Осы Алматыда біздің Президенттің бастамашылдығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Азиядағы Сенім шаралары Кеңесі тағы басқа халықаралық ұйымдар құрылды. Тұңғыш Президент, Елбасының туған елінің дүниежүзілік қоғамдастықта еңсесі биік Ел болып танылуына күш салып, әлемнің назарын қазаққа аударып, ісін көрсетіп, сөзін тыңдатып, ақылын мойындатып, жаңа дәуір тұсында халқымыздың тұрмыс, әлеуетінің өсіп, өркендеуі үшін ең маңызды шешімдер қабылдап, оны жүзеге асырып, көркейгенін көрген жер. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын да Нұрсұлтан Әбішұлы осы Алматыда әзірлеп, жариялап, оны бүкіл қазақстандықтардың игілігіне, гүлденуіне жалғастырып, жасампаздыққа бастап, елді өз мүмкіндігіне, өз күшіне өзін сендіре алған іскер Орталық. Алматы - Нұрсұлтан Назарбаевтың «ғасыр жобасы» деген мәртебеге ие болған Қазақстанның Орталық өңірінің төсіне Тәуелсіз мемлекетіміздің Жаңа Астанасын салу идеясын толғатып, жарыққа шығарып, халыққа жаратқан Жасампаз қала", - деді Қуаныш Сұлтанов ескерткіштің ашылу рәсімінде.