Бүгін 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Милан - Кортина-д’Ампеццо қалаларында бүгін 2026 жылғы XIV қысқы Паралимпиаданың ашылу салтанаты өтеді.

Паралимпиада
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Салтанатты іс-шара Қазақстан уақытымен 23:50-де «Qazsport» теларнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

XIV қысқы Паралимпия ойындарының ашылу салтанаты 6 наурыз күні Верона Олимпиадалық аренасында өтеді. Бұл шарада еліміздің Мемлекеттік туын Ербол Хамитов ұстап шығады.

Биылғы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы пара шаңғы және пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды. Халықаралық аренада Қазақстан атынан 7 спортшы сынға түседі. Олардың қатарында Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев және Анна Грачева бар.

Құрама сапындағы ең жас спортшы – пара шаңғы жарысында өнер көрсететін 17 жастағы Владислав Кобаль. Ал команданың ең тәжірибелі әрі жасы үлкен мүшесі – пара шаңғы және пара биатлоннан бақ сынайтын Сергей Усольцевтің жасы 51-ге келді.

Ұлттық құрамадағы тәжірибелі спортшылардың бірі – Александр Герлиц 2022 жылғы Бейжің Қысқы Паралимпиадасының пара биатлоннан қола жүлдегері атанған еді. Сондай-ақ ол 2018 жылғы Пхёнчхан Паралимпиадасында пара шаңғы жарысынан үздік төрттіктің қатарына енген.

Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ербол Хамитов – пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан әлем чемпионаттарының жүлдегері және бірнеше мәрте әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы. 2022-2023 жылғы маусымда ол пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихында осы жетістікке қол жеткізген алғашқы пара спортшы болды. Ал 2024-2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша Ербол Хамитов пара биатлоннан әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, 31 жылдан кейін Қазақстанға Хрусталь глобусты қайта әкелді.

Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада 6-16 наурыз аралығында Италияда өтеді. Байрақты додаға әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Биыл Қысқы Паралимпиада қозғалысының 50 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Алғашқы Қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында өткен еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум