Бүгін – Астана күні
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Орталық Азия мен Еуразия кеңістігіндегі маңызды саяси, экономикалық және мәдени орталыққа айналған елордамыз – Астана күні.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.
Елордамыздың алғашқы бас жоспары 2001 жылғы 15 тамызда бекітілді. Бұл құжатқа үш рет өзгертулер енгізілді:
— 2009 жылғы 28 қаңтарда;
— 2011 жылғы 30 шілдеде;
— 2016 жылғы 23 желтоқсанда Үкімет қаулысымен.
2024 жылғы 25 қаңтарда Астананың жаңа Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.
1997 жылы елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілген сәтінде қаланың аумағы 24 819 гектарды құраған еді. Содан бері ел Президентінің Жарлықтарына сәйкес елорда аумағы үш рет өзгертілді. Нақтырақ айтқанда, 2000 жылғы 8 тамызда Целиноград және Шортанды аудандарының бір бөліктері қала құрамына енгізіліп, Астана қаласының шекарасы 46 195 гектарға ұлғайды. 2013 жылғы 18 қаңтарда жер көлемі өзгеріссіз қалды — Ақмола облысы Целиноград ауданының шекарасына Астана қаласының аумағынан 17,1 гектар қосу және Астана қаласының шекарасына Ақмола облысы Целиноград ауданы жерінің 17,1 гектар бөлігін беру арқылы.
2017 жылғы 6 ақпанда қала аумағы тағы 8 719 гектарға кеңейтілді. Бұл аумақтар Ақмола облысы Целиноград ауданының жерлерінен беріліп, бірқатар маңызды қалалық жобаны іске асыруға арналды:
460 гектар — жаңа қалалық зират салу;
959 гектар — Қабанбай батыр ауылы маңындағы аумақты дамыту;
7 300 гектар — Майбалық көлі маңында халықаралық әуежайдың қауіпсіздік аймақтарын белгілеу және тұрғындарға арналған демалыс орындарын ұйымдастыру.
Осылайша, қазіргі таңда Астана қаласының жалпы аумағы 79 733 гектарды құрайды. Қала шекарасының кеңеюі елорданың қарқынды дамуына, жаңа инфрақұрылым нысандарын орналастыруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Бүгінгі күні Астана қаласында мынадай алты әкімшілік аудан бар:
1. «Алматы» ауданы — 1998 жылы құрылған;
2. «Сарыарқа» ауданы — 1998 жылы құрылған;
3. «Есіл» ауданы — 2008 жылы құрылған;
4. «Байқоңыр» ауданы — 2018 жылы құрылған;
5. «Нұра» ауданы — 2022 жылы құрылған;
6. «Сарайшық» ауданы — 2024 жылы құрылған.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Астана қаласының халқы 1 536,7 мың адамға жетті. Астана қаласының статистика департаментінің мәліметінше, қала халқының саны табиғи өсім мен көші-қон есебінен тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, табиғи өсім коэффициенті 2009 жылы 12,02%-дан 2024 жылы 15,37%-ға дейін өсті. 2024 жылы көші-қон сальдосы 75 854 адамды құрап, оның 96%-ы ішкі көші-қонға тиесілі болды. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 67%-ға артты, ал 2023–2024 жылдары айтарлықтай серпін байқалды. 2024 жылы сыртқы көші-қон сальдосы 2022 жылмен салыстырғанда 92%-ға өсті. Астана әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі мәртебесімен ел халқы үшін тартымдылығын сақтап келеді. 2035 жылға қарай қала халқы 2275, 0 миллион адамға жетеді деп болжалуда.
2035 жылға дейінгі Бас жоспар аясында Астанада білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар көзделіп отыр.
Нақтырақ айтқанда, 2025 жылы 24 912 оқушыға арналған 15 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. 2029 жылға дейін 135 931 оқушыға арналған тағы 63 мектеп салу көзделген. Сондай-ақ 2035 жылға қарай 17 оқушылар сарайының құрылысы жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласында басты назар жаңа медициналық нысандар салу мен қолданыстағы мекемелерді жаңғыртуға аударылған. Бірінші кезеңде (2030 жылға дейін) 40 дДенсаулық сақтау нысаны, ал есептік мерзімге (2035 жылға дейін)– 75 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуі үшін 2035 жылға дейін 18 мәдени-демалыс мекемесін салу көзделген.
Халық санының өсуі мен салауатты өмір салтын одан әрі арттыру мақсатында Астананың бас жоспарына сәйкес 2035 жылға дейін 90 жаңа спорт нысанын салу ұсынылады. Оның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық футбол алаңдары, теннис орталықтары, шаңғы базасы, ат клубы және басқа да спорттық нысандар бар. Астананың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту — тұрғындар үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру, білім беру және медицина қызметтерінің сапасын арттыру, мәдени және спорттық демалысқа қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.