Бүгін – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері күні

АСТАНА.KAZINFORM - 1992 жылғы 19 маусымда Қорғаныс министрінің директивасы негізінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрігінің баспасөз қызметі.

Бүгін – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күні
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Бұл әскерлер елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық орталықтарын, Қарулы күштердің топтарын, маңызды әскери және стратегиялық нысандарды авиация мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғауға арналған.

Бөлімшелер заманауи зениттік-зымыран кешендерімен және радиолокациялық станциялармен жабдықталған. Бұл әуе кеңістігін бақылауды және ықтимал қауіптерді анықтауды қамтамасыз етеді.

Әскерлер үшін офицер кадрларды даярлау Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында жүзеге асырылады. Әскери қызметшілердің жоғары кәсіби дайындығы халықаралық оқу-жаттығулар барысында бірнеше рет дәлелденді.

Қазірде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін белсенді енгізіп келеді. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, бөлімшелердің өзара іс-қимылын тиімді үйлестіруге және жауынгерлік міндеттерді орындау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

2025 жылы Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық» халықаралық тактикалық оқу-жаттығуы барысында автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өткізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. Оқу барысында әуе нысандарын анықтау және жою алгоритмдері пысықталды.

-Жоғары жауынгерлік дайындық, әскери қызметшілердің кәсібилігі және заманауи технологияларды енгізу – мемлекет қорғаныс қабілетінің негізгі тіректері. Әуе шекараларын тәулік бойы күзететін әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері ел мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді,-делінген хабарламада.

Осыған дейін мерзімді әскери қызметтен өтпеген азаматтар әскери мамандық алып, әскери билет иелене алатыны туралы жаздық.