Бүгін футболдан еурокубок ойындарының жеребесі тартылады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 18 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында 2024/2025 жылғы маусымдағы еурокубок ойындарының бірінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Қазақстандық «Ордабасы», «Тобыл» және «Ақтөбе» клубтары алғашқы қарсыласын анықтайды.

Шымкенттік «Ордабасы» биыл Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды. Олардың ықтимал қарсыласы ретінде «Лудогорец» (Болгария), «Стяуа» (Румыния), «Пюник» (Армения), «Петрокуб» (Молдова) командалары аталып отыр.
Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімі 17:00-де басталады.
Ал, қостанайлық «Тобыл» биыл Еуропа лигасын бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Ықтимал қарсыластары - «Эльфсборг» (Швеция), «Корвинул» (Румыния), «Ботев» (Болгария), «Зиря» (Әзербайджан), «Ружомберок» (Словакия), «Лапи» (Косово).
Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімі 18:00-ге белгіленген.
Айта кетсек, елордалық «Астана» командасы да биыл Еуропа лигасында ойнайды. Олар жарысты екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Ал, «Ақтөбе» Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңіне қатысады. Оларға «Динамо» Тбилиси (Грузия), «Партизани» (Албания), «Милсами» (Молдова), «Сараево» (Босния и Герцеговина), «Урарту» (Армения) ықтимал қарсылас атанып отыр.
Конференция лигасының жеребе тарту рәсімі 19:00-де басталады.