Бүгін футболдан Қазақстан кубогы жартылай финал ойындары өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 25 маусымда футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалының алғашқы ойындары өтеді.

Бүгін футболдан Қазақстан кубогы жартылай финал ойындары өтеді
Фото: Kffleague.kz

Жарыстың аталған сатысында сағат 18:00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Ордабасы» (Шымкент), 20:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Жеңіс» (Астана) ойнайды.

Қарымта кездесу 30 тамызға белгіленген. 

Ширек финалда «Ордабасы» алматылық «Қайраттан» 1:0 есебімен басым түссе, «Қызылжар» семейлік «Елімайды» пенальти сериясында қапы қалдырды.

Ал елордалық «Жеңіс» және «Астана» кездесуінің негізгі кезеңінде 1:1 есебімен тең түсті. Пенальти сериясында «Жеңіс» жартылай финалға жолдама алды.

Қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда түркістандық «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. 

Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, бірінші және екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен бірінші және екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді.
Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.

Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.

Соңғы жаңалықтар