Бүгін футболдан клубтар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионаты басталады
Бүгін футболдан клубтар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды Kazinform.

Дүбірлі дода Сауд Арабиясының Джидда қаласында 12-22 желтоқсан аралығында өткізіледі. Оған барлығы жеті команда қатысады.
Биыл әлем чемпионатында «Флуминенсе» (Бразилия), «Манчестер Сити» (Англия), «Леон» (Мексика),«Урава Ред Даймондс» (Жапония), «Аль-Ахли» (Египет), «Окленд Сити» (Жаңа Зеландия) және «Аль-Иттихад» (Сауд Арабиясы) сынға түседі.
12 желтоқсанда бірінші турда «Аль-Иттихад» пен «Окленд Сити» турнирді бастайды.
Ойын елорда уақытымен 23:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Бұл жұптың жеңімпазы екінші турда 15 желтоқсанда «Аль-Ахли» командасымен кездессе, сол күні «Леон» мен «Урава Ред Даймондс» шеберлік байқасады.
Ал 18 желтоқсанда жартылай финалда «Флуминенсе» «Аль-Ахли» мен бірінші турдың жеңімпазымен болған кездесудің жеңімпазымен жасыл алаңға шығады.
Тағы бір жартылай финалда 19 желтоқсанда «Манчестер Сити» «Леон» мен «Урава Ред Даймондс» жұбының жеңімпазымен кездеседі.
22 желтоқсанда финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі. Бұл аталған форматта өтіп жатқан соңғы турнир. 2025 жылдан бастап клубтар арасындағы әлем чемпионатында 32 команда қатысады деп жоспарланып отыр.
Аталған дода 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін 11 команда жеңімпаз атанды.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Euro-2024 жеребесі тартылып, Қазақстанның ықтимал қарсыластары анықталды.