Бүгін футболдан Ұлттар лигасында жартылай финал ойындары басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасы А дивизиондағы жартылай финал ойындары басталады.

Финалдық кезең Германияның Мюнхен және Штутгарт қалаларында болады. Жартылай финалдың бірі мен финал «Арена Мюнхен» стадионында өткізілсе, «Штутгарт Аренада» жартылай финалдың тағы бір кездесуі мен үшінші орын үшін матч ұйымдастырылады.
Жарыстың аталған сатысындағы алғашқы кездесу қазақстандық уақытпен 23:50–де бүгін Германия мен Португалия құрамалары арасында өтіп, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ұлттар лигасында Германия құрамасы үшінші топта Нидерланд, Мажарстан, Босния және Герцоговинаны артта қалдырып, өз тобында 14 ұпаймен бірінші орын алды.
Ал Португалия бірінші топта Хорватия, Шотландия, Польшаны жеңіп, 14 ұпаймен көш басына шықты.
Екі құрама қазірге дейін 11 мәрте кездесті. Оның 7-еуі германияның басымдығымен аяқталса, үшеуінде тең нәтиже тіркеліп, қалғанында Португалияның мерейі үстем болды.
Сондай-ақ ертең, 5 маусымда жарыстың аталған сатысында Испания мен Франция шеберлік байқасады.
Одан кейін 3-орын үшін сайыс және финал 8 маусымға белгіленген.
Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Португалия, Франция, Испания құрамалары чемпион атанды.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2024 жылы Ұлттар лигасында В дивизионында үшінші топта Норвегия, Словения, Аустриямен бақ сынап, төртінші орынды місе тұтты. Салдарынан қайтадан С дивизионына түсіп қалды.