Бүгін Ханчжоуда 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді
23 қыркүйек күні кешке Қытайдың Ханчжоу қаласындағы Үлкен Лотус стадионында 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ханчжоудағы Азия ойындарының ашылу салтанаты үш тақырыпқа бөлінеді: бірінші – «Ұлттық әдет-ғұрыптың жемісі», екіншісі - «Цзянтан өзеніндегі толқын», үшінші - «Біз қол ұстасып жүреміз». Ұйымдастырушылардың айтуынша, салтанатты шара кезіндегі отшашулар цифрлық жағдайда болады, ал Азия ойындарының алауын жағу онлайн және офлайн форматта өтеді.
80 мың көрерменге арналған Үлкен Лотос стадионы Азия ойындарының басты аренасына айналады. Онда Азия ойындарының жабылу салтанаты, жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырылады.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысады және ол ойындарды ашық деп жариялайды.
Ханчжоудағы Азия ойындары 1990 жылғы Бейжің мен 2010 жылғы Гуанчжоудан кейінгі Қытайдағы үшінші Азия ойындары болмақ.
21 қыркүйекте Азия ойындарына қазақстандық спорт делегациясының ресми келуіне орай Ханчжоу қаласында Қазақстанның туын көтеру рәсімі өтті.
ҰОК мәліметінше, Қазақстан құрамасы 30 спорт түрінен медальдар үшін таласатын 525 спортшыдан тұрады, оның 27-сі олимпиадалық.
2022 жылғы Азия ойындары Ханчжоуда 23 қыркүйектен 8 қазанға дейін жалғасады. Медальдар спорттың 40 түрінен беріледі. Қазақстан Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді.