Бүгін «Қайрат» пен «Семей» Чемпиондар лигасында кезекті ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін қазақстандық «Қайрат» (Алматы) және «Семей» клубтары футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы А жолының негізгі кезеңінде кезекті ойынын өткізеді.
Cемейлік клуб әуелі 31 қазанда сағат 20:00–де Швейцарияның «Минерва» командасымен кездеседі.
Қазақстандық команда бірінші топта сынға түседі. Қарсыластары — «Барселона» (Испания), «Лученец» (Словакия), «Минерва» (Швейцария).
Айта кетейік, қазірге дейін семейлік клуб Словакияның «Лученец» командасын 6:0 есебімен қапы қалдырса, «Барселонаға» 1:6 есебімен есе жіберді.
Ал швейцариялық клуб «Барселонадан» 1:6 есебімен есе жіберсе, «Лученецті» 4:3 есебімен қапы қалдырды.
Сондай-ақ бүгін қазақстандық «Қайрат» 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Қазақстан уақытымен 00:30–да Бельгияның «Андерлехт» командасымен кездеседі. Олар бұған дейін Латвияның «Бейтар» клубын 5:3 есебімен жеңсе, «Андерлехт» аталған команданы 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Алдағы екі ойын Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жарыс ережесіне сәйкес әрбір топтан алғашқы үштікте тұрған командалар плей-офф сатысына шығады. Былтыр «Семей» мен «Қайрат» плей-офф сатысында сынға түсуге мүмкіндік алған еді.