Бүгін Қазақстанда алғаш рет санэпидемиологтер күні аталып өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — 15 қыркүйек – елімізде санитариялық-эпидемиология саласы қызметкерлерінің күні. Кәсіби мерекеге орай Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ұсынған деректер негізінде осы қызметтің даму тарихына шолу ұсынамыз.

Санитариялық қызмет өткен ғасырдың басында кадрлардың, жабдықтардың және техниканың жетіспеушілігі жағдайында құрылды. Эпидемиологиялық жағдай да қолайсыз болды.
Қазақстан аумағында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінің пайда болуы елдің батыс өңірінде оба індетінің өршуіне байланысты болды. Шағын зертханалары бар 6 обаға қарсы күрес мекемесі ашылды (1901-1914 жж.), олар ең қарапайым эпидемияға қарсы шаралар жүргізді. 1913 жылы Орал қаласындағы обаға қарсы күрес пунктінің базасында зертхана құрылды.
Қызметтің дамуының жаңа кезеңі (1922 жылдың қыркүйегінде) «Республиканың санитариялық органдары туралы» Декреттің қабылдануы болды, ол еліміз аумағында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасуына бастау болды.
1922 жылы Ақмола және Орал қалаларындағы денсаулық сақтау бөлімдерінің жанынан санитариялық-эпидемиологиялық кіші бөлімдері құрамында санитариялық-бактериологиялық зертханалар ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау жүйесінің міндетті буыны ретінде республиканың санитариялық органдарының одан әрі дамуы жалғасты. Санитариялық дәрігерлердің саны: 1921 жылы 6 болса, 1929 жылы 32-ге, ал 1940 жылы 170-ке жетті.
Санитариялық қызметтің дамуында 1925 жылы Қызылордада ашылған Крайлық санитариялық-бактериологиялық институттың (қазіргі ҚДСҰО Х.Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ұлттық орталығы) маңызы зор болды. Онда клиникалық-диагностикалық зертханалық зерттеулер, шеттегі зертханалар қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары жүргізілді және ол санитариялық-бактериологиялық зертханаларға басшылық етті. Осы институтта, сондай-ақ Алматыда орналастырылған Орталық Азиялық обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында республика үшін өте маңызды эпидемиология, паразитология, вирусология және инфекциялық патология мәселелері бойынша жұмыстар атқарылды (қазіргі М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялардың ұлттық ғылыми орталығы).
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қалыптасуының кезекті сатысы Қазақстанның санитариялық дәрігерлері мен эпидемиологтарының 1-ші съезінде (Алматы, 1931 ж.) жаңа құрылым туралы шешімді қабылдау болды, осы шешіммен Мемлекеттік санитариялық инспекция Эпидемияға қарсы басқарманың құрамынан бөлінді, соңғысы санитариялық-бактериологиялық зертханаларға басшылық етуді жалғастырды.
1933 жылдан бастап мемлекеттік санитариялық инспекцияның құрылуына байланысты санитариялық қызмет органдары қалалардың, ауылдық елді мекендердің жоспарлау және қайта құрылымдау жобаларын әзірлеу және іске асыру, оларды санитариялық тұрғыдан абаттандыру және тазалау, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша алдын алу және ағымдағы санитариялық қағалауды жүзеге асыруға барынша белсенді қатыса бастады.
1937 жылдан 1941 жылға дейінгі кезеңде аудандық және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциялар құрамындағы зертханалар желісі кеңейтілді. 40-шы жылдардың басына қарай республикада 32 санитариялық-бактериологиялық зертхана жұмыс істеді. Санитариялық-эпидемиологиялық кеңестің 1939 жылғы 1 қарашадағы пленумының шешімімен санитариялық-бактериологиялық зертханалар құрамынан клиникалық бөлімдер шығарылып, санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы зерттеулер кеңейтілді.

Соғыс кезеңінің қажеттіліктері кешенді санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуді және санитариялық-эпидемиологиялық мекемелерді кеңейтуді талап етті. 1944 жылға қарай республикада 41 санитариялық-бактериологиялық зертхана болды. Олардың көпшілігінде өз үй-жайлары мен қажетті жабдықтары болмады.
Соғыстан кейінгі жылдары республиканың зертханалық желісі одан әрі дамыды. 1952 жылға қарай санитариялық-бактериологиялық зертханалардың саны 121-ге жетті. «Санитариялық-эпидемиологиялық мекемелердің бірыңғай номенклатурасын белгілеу туралы» КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің 1948 жылғы 27 қарашадағы № 716 бұйрығына сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық станциялар құрамына бөлімшелер болып өнеркәсіптік-санитариялық, пастерлік, сүтті бақылау, санитариялық-бактериологиялық, санитариялық-гигиеналық, санитариялық-тағамдық және қызылша зертханалары енді. Суды, ауаны, тамақ өнімдерін зертханалық әдістермен зерттеу, профилактикалық микробиологиялық зерттеулер күнделікті практикаға енгізілді.
1954 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кезекті реформасы санэпидстанцияларды, безгекке қарсы мекемелерді, дезинфекциялық қызмет мекемелерін және әртүрлі зертханаларды облыстық, қалалық және аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияларға біріктірді. Аудандарға жаңа жерлерді игеруге 11 санитариялық-бактериологиялық зертхана жіберілді, 18 үлгілік санэпидстанцияның құрылысы және қажетті жабдықтармен жарақтау басталды (1954-1956 жж.).
Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен 1958 жылдың мамыр айына қарай барлық аудандық санэпидстанциялар дербес мекеме ретінде таратылып, аудандық ауруханалардың санитариялық-эпидемиологиялық бөлімдеріне айналдырылды.
Алайда, XIV Бүкіродақтық гигиенистер мен санитариялық дәрігерлер съезі (1962 ж.) жүргізілген қайта ұйымдастыруды қатаң сынады, 1964 жылдан бастап аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияларды қалпына келтіру жұмыстары басталып, ол жұмыс тек 1970 жылы аяқталды. Барлық үлгідегі және санаттағы санэпидстанцияда санитариялық-бактериологиялық зертхана оның негізгі құрылымдық бөлігі болды. Зертхананың құрылымы штаттық-нормативтік санына, жергілікті жағдайларға және жұмыс көлеміне байланысты айқындалды. Санитариялық-бактериологиялық зертхананың құрамына тағамдық және өнеркәсіптік санитария бөлімшелері, бактериологиялық, вирустық-риккетсиялық, радиологиялық, тұрғын үй-коммуналдық бөлімшелер кірді. Ірі өнеркәсіптік қалаларда өнеркәсіптік-санитариялық зертханалар, атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі зертханалар немесе бөлімшелер құрылды.
Елде халық шаруашылығының дамуы жаңа химиялық заттарға зертханалық зерттеулер жүргізу, қоршаған орта объектілерінде оларды нормалау, сондай-ақ еңбек жағдайын және сыртқы ортаны жақсарту бойынша профилактикалық іс-шараларды әзірлеу қажеттілігін анықтады. Қызметтің алғашқы токсикологиялық зертханалары 1968 жылы Қарағанды және Шымкент облыстарында, 1973 жылы Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарында, 1974 жылы Алматы облысында ұйымдастырылды.
Қызметтің оперативтік және зертханалық буындарының өзара іс-қимылын нығайтуға, ұйымдық құрылымын ретке келтіруге бағытталған маңызды қадам КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің №300 (1969 ж.) бұйрығы болды, бұйрықпен санэпидстанциялардың жаңа құрылымы мен медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлерінің штаттық нормативтері бекітілді.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары аралығында республиканың санитариялық-гигиеналық зертханалары жыл сайын 2 миллионнан астам талдау жүргізді, шу, дірілді аспаптық өлшеулер, улы химикаттардың қалдық мөлшерін зерттеулер және өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын бағалау бойынша зерттеулер саны артты. 10 вирусологиялық зертхана және 5 орталық клиникалық-диагностикалық бактериологиялық зертхана (Орал, Целиноград, Қарағанды, Гурьев, Алматы қалаларында) ашылды.
Республиканың медицина ғылымы үшін 1973 жылы КСРО Медицина ғылымдары академиясының Тағамтану институты филиалының ашылуы үлкен оқиға болды, ол қысқа мерзім ішінде дені сау және науқас адамдардың тамақтану проблемалары бойынша зерттеулер жүргізетін, табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты халықтың тамақтану нормативтерін әзірлейтін ірі ғылыми орталыққа айналды.
1976 жылы 1960 жылмен салыстырғанда санэпидстанциялардың саны 202-ден 315-ке дейін, санитариялық-эпидемиологиялық топтағы дәрігерлер саны 1329-дан 2700-ге дейін, ал орта медицина персоналының саны 1753-тен 3700-ге дейін өсті. Бұдан басқа 28 санитариялық ағарту үйі және 5 обаға қарсы күрес станциясы жұмыс істеді. Санитариялық-противоэпидемиологиялық саладағы мекемелер үшін дәрігерлерді даярлау Қарағанды медицина институтының санитария факультетінде және республиканың медициналық училищелерінде жүзеге асырылды. Санитариялық дәрігерлердің мамандануы және біліктілігін арттыру Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында өтті.
Кеңестік денсаулық сақтау жүйесі профилактикалық бағытты өзінің бағдарламасының негізгі элементі ретінде қарастырды, соның арқасында елде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жақсы дамыған зертханалар желісі болды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы барлық қажетті санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шараларды жүргізді.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күрделі реформалардан өтті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі бірнеше рет қайта құрылды және ведомстволық бағыныстылығы өзгерді. Қазақстан Республикасының тарихындағы алғаш рет «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Заң (1994 ж.) құқықтық негізде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету жүйесін және оны дамыту тұжырымдамасын анықтады. Еліміздің аумақтық құрылымы өзгеруіне байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының саны 369-дан 236-ге дейін төмендеді.
Сонымен қатар, токсикологиялық зертханалар желісі дамыды, (1993 жылы) Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында, (1994 жылы) Маңғыстау, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ақмола облыстарында, (1995 жылы) Жезқазған және Талдықорған облыстарында, (1996 жылы) Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында облыстық токсикологиялық зертханалар ұйымдастырылды.

«Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» Қазақстан Республикасының жаңартылған заңымен (2002 ж.) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету жүйесі қайта ұйымдастырылды. Санитариялық-эпидемиологиялық станциялар Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері және санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары болып қайта құрылды. Құрылған құрылымдардың біртұтас қызметі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне бағыныстылығына, сондай-ақ зертханалық зерттеулердің номенклатурасы мен көлемі бойынша мемлекеттік тапсырысты орындау басымдылығына қол жеткізілді.
2009 жылы жүргізілген реформалардың нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметте вертикальды басқару жүйесі құрылды – Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары жергілікті атқарушы органдардан (әкімдіктерден) Денсаулық сақтау министрлігінің (республикалық деңгейдегі) Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің қарамағына берілді. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары үшін зертханалық зерттеулердің көлемі мен нысаналы бағытын Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері анықтады.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде көліктегі 5 өңірлік орталықты тарату және олардың функцияларын облыстық орталықтарға беру арқылы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының желісін оңтайландыру жүргізілді. 2011 жылдың соңына қарай санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары мен олардың филиалдарының жалпы саны 209 мекемені құрады. Барлық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы ISO стандарттарына сәйкестігіне аккредиттелді. Олардың базасында 5 зональды вирусологиялық зертхана, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау бойынша мамандандырылған 3 зертхана ұйымдастырылды. Зертханалар қызметіне сапаны сыртқы бағалау жүйесі енгізілді. 11 орталық заманауи зертханалық жабдықтармен жарақталды. Жедел зерттеулер белсенді түрде енгізілді және осы мақсаттар үшін бактериологиялық және химиялық заттарды жедел әдістермен анықтауға арналған құралдар сатып алынды.
2013 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті оның қарамағындағы органдар мен ұйымдарды жаңадан құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігіне бере отырып қайта ұйымдастырылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етумен қатар, Агенттікке тұтынушылардың құқықтарын қорғау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бойынша функциялар берілді.
2014 жылы Ұлттық экономика министрлігі құрамында оған тұтынушылардың құқықтарын қорғау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы функциялар беріле отырып, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. 2015 жылы 16 санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мен 4 дезинфекциялық станцияны біріктіру арқылы «Ұлттық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары филиалдар болып, ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтары бөлімдер болып қайта құрылды.
Бүгінгі күні зертханалық бақылау жүйесі Ұлттық сараптама орталығының филиалдары мен бөлімдерінен тұрады, оның құрамында 4 дезинфекция орталығы, 21 облыстық филиал, 182 аудандық/қалалық бөлім бар.
2017 жылы кезекті реформалардың нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет Ұлттық экономика министрлігінің құрамынан шығарылып, қайтадан Денсаулық сақтау министрлігіне берілді және Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті (ҚДСК) басшылық еткен қоғамдық денсаулықты сақтау қызметі қалыптастырылды, оның құрылымында медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау бөлімшесі болды.
2018 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесіне тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау функциялары мен бөлімшелері берілді, нәтижесінде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті (ТКҚБК) құрылды.
2020 жылы пандемия кезеңінде Денсаулық сақтау министрлігінде кезекті қайта ұйымдастыру жүргізіліп, нәтижесінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті (СЭБК) құрылды.
Айта кетсек, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында неше елді мекенде жаңадан медициналық нысан салынғанын мәлім етті.