Бүгін Қазақстанның басым бөлігінде жел күшейіп, тұман түседі
АСТАНА. KAZINFORM — 2 қыркүйекте еліміздің басым бөлігінде атмосфералық фронталды бөліктердің әсерінен найзағай ойнап, жауын-шашын күтіледі.

Қазгидрометтің болжамынша, Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста көбінесе жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр.
Синоптиктер республика бойынша жел күшейетінін ескертті, түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі.
Түнде Қостанай облысының солтүстігінде 2 градус үсік күтіледі.
Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында, Ақмола облысының солтүстік-батысында, Батыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында, Атырау облысының батысында, Ақтөбе облысының батысы, солтүстігі мен орталығында, сондай-ақ Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Алматы, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Жетісу облыстарында, Маңғыстау облысының солтүстік-батысы, оңтүстігі мен орталығында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Қостанай облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Ақтөбе облысының шығысында және Ұлытау облысының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.