Бүгін Қызылордада футболдан Қазақстан кубогының финалы өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы финалында «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) шеберлік байқасады. 

Бүгін Қызылордада футболдан Қазақстан кубогының финалы өтеді
Фото: Қызылорда қаласының әкімі

Бұл кездесу 4 қазанда 19:00-де Қызылорда қаласындағы «Қайсар Арена» стадионында басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойынның бас төрешісі міндеті швейцариялық Свен Вольфенсбергерге жүктелген. Оған отандастары Стефан Де Альмейда мен Йонас Эрни көмектеседі. VAR төрешісі ден сол елдің өкілі Йоханнес фон Мандах.

Ал AVAR төрешісі міндетін астаналық Арман Есмұратов атқарса, қосалқы төреші көкшетаулық Данил Горда болады.

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін барлығы 15 команда кубокты төбесіне көтерді. Оның ішінде «Қайрат» (Алматы) - 10, «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» -3, «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда), «Ордабасы» (Шымкент) -2, «Атырау», «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды),«Восток» (Өскемен), «Алматы», «Достық» (Алматы), «Спартак» (Семей) - 1 мәртеден жеңімпаз атанды. 

Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, Бірінші және Екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен Бірінші және Екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді. 

Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.

Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.

Соңғы жаңалықтар