Бүгін композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына – 100 жыл

АСТАНА. KAZINFORM – Сыдық Мұхамеджановтың қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» атты әндері заманында ерекше дараланды. Өнер иесі үлкен сахналарға қойылған операларға ірі туындылар жазды.

Бүгін композитор Сыдық Мұхамеджановтың туғанына – 100 жыл
Фото: «Ortalyq Qazaqstan» газеті

Бүгін – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджанов дүниеге келген күн. Өнер иесінің туғанына 100 жыл толып отыр.

С. Мұхамеджанов қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында туған. Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) композиторлық бөлімін бітірген. Консерваторияда оқыған жылдары Қазақ радиосында музыкалық редактор болды және еліміздің Мәдениет министрлігінде қызмет істеді.

1960-1962 жылдары – Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы. 1964-1968 жылдары – Қазақ филармониясының директоры әрі музыкалық жетекшісі. 1969-1972 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарған.

Оның қазақ ән өнерінде Абай өлеңдеріне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» атты әндері ерекше дараланды. Шуақты лиризмге тұнған «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жарқырайды Теміртаудың оттары», «Еңбек әні», «Жастар маршы», тағы басқа балалық шақ, жастық шақ, бейбітшілік, еңбекті жыр еткен көптеген әні мен романстары ел арасында кеңінен танымал.

Мұхамеджанов «Бекет», «Ақан сері – Ақтоты» операларын, «Ғасырлар үні ораториясын жазды. Ал, «Дауыл» атты бірнеше бөлім симфониясы ұлттық музыкаға қосылған елеулі үлес болды. Оның скрипка мен фортепьяноға арналған сонаталары, халық аспаптар оркестріне жазылған пьесалары, күйлері, камералық оркестрге жазылған поэмалары қазақтың аспаптық, оркестрлік, камералық шығармаларының жан-жақты дамығандығын, оның биік көркемдік дәрежесін көрсетеді. 

«Жарқ етпес қара көңілім, не қылса да...» өлеңі әні кезінде өнер тарландарының жоғары бағасын алған. Көркемдік кеңесте жас композитор Сыдық Мұхамеджановтың аталған туындысын тыңдаған Евгений Брусиловский де әнді ерекше бағалаған. 

«Тамаша! Бәрі өз орнында! Қисынды, қызықты. Ең бастысы, мұнда ұлттың жаны бар, жаны! Мәселен, «Ертарғын» операсына «Елім-ай» әнін пайдаландым. Қарапайым әуез дерсіз, ал оның салмағы қандай зілмауыр. Мына жігіттің әні де осындай. Бір қызығы, Абайдың өзі жазған секілді бұл романсты. Айтарға сөз жоқ!», - деп баға береді атақты композитор.

С. Мұхамеджанов «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар