Бүгін Норвегия Конституция күнін атап өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл күн 1814 жылдан бастап елдің тәуелсіздігі, халық бірлігі және демократиялық құндылықтарының символына айналған, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Норвегия
Фото: АЗЕРТАДЖ

Көптеген елден айырмашылығы — Норвегияда бұл күн әскери парадтармен емес, ең әуелі балалар мен азаматтық қоғамның мерекесі ретінде өтеді.

Агенттіктің хабарлауынша, мереке 1814 жылдың 17 мамырында Эйдсволл қаласында Норвегия Конституциясының қабылданған күніне орайластырылған. 400 жылдан астам уақыт Даниямен одақта болғаннан кейін, Норвегия мемлекеттік тәуелсіздікке қадам жасады. Кейінірек Швециямен одақ құрғанымен, бұл күн ұлттық болмыс пен бірегейліктің маңызды символы болып қалды.

Алғашқы мерекелер бейресми түрде өткізілген, тіпті кей кезде тыйымдарға да ұшыраған. Тек XIX ғасырдың ортасында шектеулер алынғаннан кейін, Конституция күні бүкіл ел бойынша кең көлемде атап өтіле бастады.

17 мамырдың ерекше тұсы — бұл мерекенің басты кейіпкерлері — балалар саналады. Ел бойынша мектеп оқушылары қатысатын балалар шеруі (barnetog) ұйымдастырылады. Олар ұлттық тулармен шерулетіп, оркестрдің сүйемелдеуімен жүріп өтеді. Ослода мектеп колонналары король сарайының жанынан өтіп, король отбасы оларды балконнан қарсы алады.

Көптеген норвегиялық бұл күні әр аймаққа тән ерекшеліктермен тігілген дәстүрлі ұлттық киім — бюнад киеді. Бұл киім ұлттық мақтаныш пен мәдени мұраның символы ретінде бағаланады.

17 мамыр — сондай-ақ тамақ пен қауышудың да мейрамы. Күн мерекелік таңғы аспен басталады: отбасы мен достар дөңгелек үстел басында жиналып, дастарханға балық, жұмыртқа, жаңа піскен нан қойып, кейде бір бокал шампан ішіп тойлайды. Күні бойы балалар балмұздақ пен хот-догты тойып жейді.

Сонымен қатар бұл күні көшелерде қызыл немесе көк комбинезон киген жасөспірімдерді — «русс» (russe) деп аталатын мектеп бітірушілерді көруге болады. Олар оқу жылының аяқталғанын ерекше атап өтіп, қалжың карточкалар (russekort) таратып, түрлі көңілді сайыстарға қатысады.

Шетелдегі норвегиялықтар да 17 мамырды белсенді түрде атап өтеді. Нью-Йорк, Лондон, Копенгаген, Стокгольм және басқа қалаларда шерулер, мәдени іс-шаралар мен концерттер ұйымдастырылады. Осылайша норвегиялық диаспоралар өзара байланыс орнатып, отанымен байланысын нығайтады.

Осыдан бұрын Норвегия мұздығы 8 жылдан кейін жоғалып кетуі мүмкін екені айтылды.

Соңғы жаңалықтар