Бүгін — Теміржол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кәсіби мерекелер күнтізбесі жаңа маңызды датамен толықты. Биылдан бастап тамыз айының бірінші жексенбісі — Теміржол қызметкерлері күні ретінде ресми түрде аталып өтеді.

Бүгін — Теміржол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
Фото: Көлік министрлігі

Бұл — көлік саласының маңызды бағыты саналатын теміржол жүйесінде қажырлы еңбек етіп жүрген мыңдаған қызметкердің еңбегіне көрсетілген құрметтің айғағы.

Теміржол — ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі жолаушы және жүк тасымалының маңызды тетігі. Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының діңгегі саналатын бұл салада он мыңдаған маман жұмыс істейді. Олардың қатарында машинистер, вагоншылар, жол жөндеушілер, диспетчерлер, байланысшылар, инженер-техниктер мен тағы басқа көптеген кәсіп иелері бар.

Көлік саласының жалпы дамуына да теміржол саласы орасан үлес қосып отыр. Өңірлер арасындағы экономикалық байланысты қамтамасыз ету, отандық өнімді экспорттау, жолаушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын ұйымдастыру — осының барлығы теміржолшылардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Теміржол саласында жұмыс істеу — жауапкершілігі жоғары, тәртіп пен төзімділікті талап ететін мамандық. Бұл мереке — теміржолшылардың еңбегін бағалап, олардың қоғамдық маңызын айшықтайтын күн.

Теміржол қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған сала мамандарына мықты денсаулық, қауіпсіз еңбек және толағай табыс тілейміз.

1 тамыз күні мереке қарсаңында Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерін марапаттады.

Бүгін — Теміржол қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
Фото: Көлік министрлігі

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының теміржол саласын және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының ардагері Қалтай Сәмбетовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапатталды.

 

Соңғы жаңалықтар