Бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады.
Ойындардың ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де Милан қаласы мен Ливиньо қар саябағында бір мезгілде өтеді. 2026 жылғы Милан-Кортина қысқы Олимпиадасының ашылу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып, өз елдерінің туларын алып шығады.
Қабылдаушы тарап ретінде Италия 4 ту ұстаушыны ұсынбақ. Ал спортшылар шеруі бір уақытта төрт түрлі алаңда ұйымдастырылады. Негізгі салтанатты кеш Милан қаласындағы әйгілі «Сан-Сиро» олимпиадалық стадионында өтеді. Сонымен қатар Предаццо, Ливиньо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында марапаттау рәсімдері мен спортшылар шеруі қатар жүргізіледі.
Қазақстандық көрермендер салтанатты ашылу рәсімін Астана уақыты бойынша сағат 23:50-ден бастап Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.
Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын «Balich Wonder Studio» студиясы ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылар бұл ауқымды халықаралық мерекеге жаңа әрі инклюзивті формат беруді көздейтінін мәлімдеді.
Айта кетсек, Италия өз тарихында Олимпиада ойындарын төртінші рет қабылдамақ. Оның ішінде бұл – елдегі үшінші қысқы Олимпиада. Бұған дейін қысқы Олимпиада ойындары Кортина-д’Ампеццо қаласында (1956 жыл) және Туринде (2006 жыл) өткен болатын.
Еске салайық, 2026 жылғы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Оған 90-нан астам елден шамамен 2 900-3 500 спортшы қатысады деп күтіледі. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасынан 36 спортшы қатысады.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының орташа жасы – 25 жас. Ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – шорт-трекші 33 жастағы Абзал Әжғалиев. Құрамадағы ең атақты спортшы – фристайл-могулдан бақ сынайтын Юлия Галышева.
Осыған дейін Қысқы Олимпиада ойындары қандай спорт кешендерінде өтетіні туралы жазған болатынбыз.