Бүгінгі АЭС-терде технологиялық апаттың қаупі нөлге тең — Тимур Жолдыбаев

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ядролық физика институты ядролық физика бөлімінің бастығы Тимур Жолдыбаев Қазақстанда АЭС салудың оң және теріс тұстары жайында пікір білдірді.

ғалым ядро
Фото: inp.kz

Тимур Жолдыбаев елімізде бұған дейін де АЭС салу бағытында талпыныс болғанын айтады.

— Қазақстанда энергетикалық атом электр станциясын салу жобасы алғаш рет қолға алынып отырған жоқ. Алғашқы талпыныстар 90-жылдары жасалды, бірақ халықтың қарсылығына тап болды. Оның себептері түсінікті. Қазақстан ұзақ жылдар бойы ядролық қаруды сынау алаңы ретінде пайдаланылды, бұл орасан зор аумақтың экологиясына өте үлкен зардабын тигізді, — деп жазады Тимур Жолдыбаев.

Сарапшының пікірінше, қазіргі кезде жағдай мүлде басқаша. Бүгінгі салынған АЭС-терде технологиялық апаттың қаупі нөлге тең.

— Полигон жабылды. Оның аумағы зерттеліп, радиациялық қауіп дәрежесі бойынша аймақтарға бөлінді. Нәтижесінде полигон болған жердің едәуір бөлігі халық шаруашылығының қажеттілігіне берілуге дайындалып жатыр. Қазіргі атом станцияларының қауіпсіздік деңгейі едәуір өсті және технологиялық апаттардың қаупі нөлге тең. Сонымен қатар, атом энергиясын өндіру экологиялық тұрғыдан ең таза тәсіл болып қала береді. Қазіргі уақытта осылай өндірілген электр энергиясына ЕО, Қытай, Ресей елдерінде жасыл мәртебе берілген, — дейді ол.

Сондай-ақ ғалым Қазақстанның ядролық реакторларды пайдалануда тәжірибесі мол екенін атап өтті.

— Қазақстан — ядролық реакторларды пайдалану тәжірибесі бар ел. Ұзақ жылдар бойы Ақтау қаласында БН-350 тұщытқыш реакторы жұмыс істеді, оның жабылуы саяси шешім болды. Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталықтың алаңдарында үш зерттеу реакторы табысты жұмыс істейді. Бұл Қазақстанға ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласында бүкіл қажетті құзыреті бар ел болуға мүмкіндік береді. Уран өндірілетін және атом стансалары үшін ядролық отын өндірілетін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының кәсіпорындарын да атап өткен абзал. Бізде қажетті кадрларды даярлауға болатын өндірістік алаңдар бар. Мен атом электр стансасын салудың жағымсыз жақтарына қарағанда оң тұстарын көріп отырмын, — деп түйіндеді Тимур Жолдыбаев.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан бейбіт ядролық реакторды қалай пайдаланып жатқанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар