Бүгінгінің батыры: оқушы Ақан Әкімжанов балкондағы баланы қалай құтқарғанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде №31 мектеп-гимназияның 7 «д» сынып оқушысы Ақан Әкімжанов қайғылы жағдайдың алдын алды. 20 мамырда төртінші қабатта орналасқан пәтердің балконында ілініп тұрған 5 жасар баланы құтқарып қалды. Бейбіт күннің батырына айналып шыға келген Ақан Kazinform тілшісіне шағын сұхбат берді.

Сол күні Ақан достарымен бірге аулада ойнап жүріп, 4 қабаттың балконында ілініп тұрған баланы көреді. Кейін белгілі болғандай, 5 жасар бала бұл үйге қонаққа келіп, анасын іздей бастаған.
– Ақан, қиындыққа тап болған кішкентай баланы көрген кезде не ойладың?
– Ойланбастан сөмкемді тастап, оған көмекке жүгірдім. Лифтімен көтеріліп бара жатқанда қалай құтқаратынымды ойластыра бастадым. Бір жағынан үлгермеймін бе деп те қорықтым. Балконға жедел жетіп, баланы қолынан тартып, көтеріп алдым. Менімен бірге болған достарым да көмектескісі келді, бірақ олар құлап кеткен жағдайда құтқару амалдарын жасау үшін аулада қалды.
– Баланы құтқарып алғаннан кейін онымен сөйлесе алдың ба?
– Баланы лифтімен түсіргенімде ол жылай бастады. Оны тез алып кетті, сондықтан да балақаймен танысуға уақытым болмады. Кейін ата-анасы келіп, алғысын айтты. Барлығы жақсы аяқталғанына қуаныштымын. Менің орнымда болған кез келген адам көмекке ұмтылушы еді.
– Бұл жағдайдан қандай сабақ алдың?
– Сіз өзіңізге, жақындарыңызға немесе сізге мүлдем бөтен адамдарға әп-сәтте не болатынын ешқашан білмейсіз. Егер адам қиындыққа тап болғанда оған көмектесуге мүмкіндігіңіз болса, қол ұшын созу керек. Менің кішкентай бауырым бар. Оған үлгі болғым келеді. Өмірде кез келген жағдай болуы мүмкін. Жақын адамдарымның бірі қиындыққа тап болса, жанындағы адамдар да міндетті түрде көмектеседі деп үміттенемін.
– Сіздің достарыңыз, сыныптастарыңыз болған оқиға сізден сұрады ма? Олар сізге не айтты?
– Әрине, сұрады. Мені мақтан тұтатындарын жеткізді.
Ақанның анасы Зухра Әкімжанова бес бала тәрбиелеп отыр. Ақан отбасындағы төртінші перзент екен.
«Бұл жаңалықты естігенде Ақан мен 5 жастағы бала үшін алаңдадым. Табандылық танытып, көмек қолын созуға тырысқан ұлымды мақтан тұтамын. Сынып жетекшісімен сөйлескенде, ол болған оқиғадан кейін Ақанның мектепке барғанын және ешкімге ештеңе айтпағанын айтты. Мақтанғысы келмеді ме екен? Оның достары мен сыныптастары фотосуреттер мен бейнелерді көрсетіп, мән-жайды жеткізе бастаған. Ақанның есейіп, батыл, сабырлы, байсалды азаматқа айналып келе жатқанына қуанамын», - дейді анасы.
Естеріңізге салсақ, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Ақанға алғыс ретінде планшет пен 1 миллион теңге сыйақы табыстаған болатын.