Бұқаралық және олимпиадалық спорт түрлерін жетілдіруде ауқымды жұмыстар күтіп тұр - Маржықпаев

Маржықпаев
Фото: Әділет Бірімқұлов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2023 жылғы қызметі мен 2024 жылға қойылған негізгі міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті.

Басқосуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Т.Дүйсенова, Туризм және спорт министрі Е.Маржықпаев, ҚР Парламентінің депутаттары, министрлікке бағынысты ұйымдардың басшылары, Париждегі Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын үйлестіруші штабтың, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция, өңірлік спорт басқарламаларының өкілдері, спорт ардагерлері қатысты. 

Алқа мәжілісінде бірінші болып сөз алған Ермек Маржықпаев ел абыройын асқақтатар елеулі саланы дамыту, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру – әрқайсымыздың борышымыз екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз, бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деп айтқан болатын. Сонымен бірге спорт саласына түбегейлі өзгерістер қажет екеніне баса назар аударып, саланың стратегиялық дамуының басым бағыттарын белгілеп берді.

Министрлік алдында бұқаралық спортты дамыту мен олимпиадалық спорт түрлерін жетілдіруде ауқымды жұмыстар тұр. Бұқаралық спорт саулығымызды нығайтуға бағытталса, үлкен жетістіктерге жетелейтін спорт – елдің оң имиджін қалыптастырады. Осы ретте, Канвонда Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы өткенін білесіздер. Қазақстан құрамасы Корея жеріндегі байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап, жанкүйерлерді тарихи жүлделерімен қуантты. Жерлестеріміз бір алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Мұндай жеңістер үздіксіз дайындық пен қолдаудың арқасында келеді. Бұл ретте, былтыр біз саланың стратегиялық даму бағдарын айқындап, Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық», - деді Ермек Маржықпаев.

Соңғы жаңалықтар