«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға өзгеріс енгізілді

Атап айтқанда, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 13-бабы, 3-тармағында «өткізу тәртібі туралы» деген сөздерден кейін «Интернет желісіндегі авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» деген сөздер жазылатын болады. Бұдан басқа, 17-баптың 1-тармағы «1. Редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi», - деп өзгертілді. Ал 24-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылатын болды: «3. Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Заңның нормаларын бұзатын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн таратуға сот тәртiбiмен тыйым салынады, ал интернет-ресурстар болып табылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары үшін - Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген интернет-ресурстарға қол жеткізуді тоқтата тұру көзделеді».
Айта кеткен жөн, ағымдағы жылы қаңтардың 12-сі күні мемлекет басшысы «ҚР Зияткерлік меншікті жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. 31 қаңтардан бастап аталған заң күшіне енді.