Бұқаралық іс-шаралар барысында теріс мінез-құлық танытқандар жауапқа тартылады - ҚР ІІМ

Құжат спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Бұл ретте шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. «Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Бұдан бөлек, біз бұқаралық шараларды өткізуге қатысты қоғамдық қауіпсіздік, төтенше жағдайлар желісі бойынша ережелерді бұзғаны үшін ондай шараларды жүзеге асыруға тыйым салатын боламыз», - деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Еске сала кетейік, жалпы отырыста палата депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.