15:56, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бүкіләлемдік қаржы дағдарысының әсері әлеуметтік сала үшін аса ауыр емес - Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы
АЛМАТЫ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматыда зейнетақы мен түрлі жәрдемақылар алатын 350 мыңнан астам адам бар. Оның 24 мыңы мүгедектер, ал 11 мыңы асыраушысынан айырылғандар. Соған орай біз Алматы қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы Ардақ Шәмиеваға
жолығып, осы саланың жай-күйін білген едік.
? Әлемді жайлаған қазіргі қаржы-экономикалық дағдарыс біздің әлеуметтік салаға қаншалықты әсер етуде? ? Дағдарыс әлеуметтік салаға аса ауыр тиіп жатыр деп айта алмаймын. Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында қарастырылғандай, 2010 жылға дейін әлеуметтік деңгейді жақсартуға арналған нақты бағыттар бар. Сондықтан бұл тапсырмалар толықтай орындалып отырса, дағдарыстың әсері жеңіл болады деп ойлаймын. Онда мәселен қаңтардың 1-інен бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшерін орташа есеппен 25 пайызға өсіру қарастырылған. Осыған байланысты, биылдан бастап жасына байланысты алатын зейнеткерлердің барлық базалық зейнетақы мөлшерлері 4810 теңгеден 5388 теңгеге өсті. Бұл 2008 жылдағы күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрап отыр.
Жалпы, биылдан бастап төменгі күнкөріс деңгейі 12 пайызға артты. Яғни бұл көрсеткіш 13470 теңгеге жетіп отыр. Базалық зейнетақы төлемдерін еңбек стажына, айлық табысына қарамастан, барлық зейнеткерлер мен мүгедектер ала алады. Сонымен қатар, жасына байланысты берілетін зейнетақы мөлшері 2009 жылы 30 пайызға көтерілді. Биыл ең жоғарғы зейнетақы мөлшері 22 пайызға ұлғайса, Қарулы күштер қатарында қызмет еткен зейнеткерлердің зейнетақы мөлшері 25 пайызға өсті. Айта кететін тағы бір жайт, 2009-2011 жылдар үшін белгіленген Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес қаңтардың 1-інен бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 9875 теңгені құрап отыр. Бұл сомаға базалық зейнетақы ? 5388 теңге қосылады. Нәтижесінде ең төменгі зейнетақы мөлшері 15263 теңгені құрайды.
? Ал жәрдемақы төлемдеріне енген өзгерістер қандай? ? Биылдан бастап күнкөріс деңгейінің өсуіне орай, барлық мемлекеттік жәрдемақылар 12 пайызға артып отыр. Бұған қоса жер асты және ашық тау-кен орындарында аса ауыр жағдайда жұмыс істеген жандарға арналған арнайы жәрдемақы мөлшері де 9 пайызға артты. Бала күтімі үшін және бала 1 жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақы мөлшері де 9 пайызға көтеріліп отыр, яғни бірінші балаға 6365 теңге, екінші балаға 7002 теңге, үшінші балаға 7638 теңге, төртінші балаға 8275 теңге төленеді. Жалпы Қазақстанда 2003 жылдан бастап отбасы табысына қарамай төленетін, бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы 2009 жылы 9 пайызға өсіп, 38190 теңгені құрады.
? Осы салада алдағы уақытта атқарылатын тағы қандай іс-шаралар бар? ? Елбасының жыл сайынғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, жалпы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында ана мен бала денсаулығын жақсарту, демографиялық жағдайды түзеу үшін 2010 жылдан бастап бірқатар шаралар жүзеге аспақ. Атап айтар болсақ, бала күтіміне арналған және 1 жасқа толғанға дейін ай сайын төленетін жәрдемақы 2007 жылмен салыстырғанда, 2 жарым есеге артпақ. Сондай-ақ бір жолғы төленетін 4 және одан да көп баласы бар анаға арналған жәрдемақы мөлшерін 4 есеге өсіру көзделіп отыр. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға немесе қамқоршыларға ең төменгі табыстың мөлшерінде жәрдемақы төленбек. 7 және одан да көп бала тәрбиелеген аналарды «Алтын Алқамен», 6 және одан да көп баласы бар аналарды «Күміс Алқамен» марапаттау және осыған орай мемлекет тағайындаған арнайы жәрдемақы беру қарастырылған.
? Әңгімеңізге рахмет!