Бүкіләлемдік ми күні: Дәрігер миға қандай күтім керек екенін айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — 22 шілде — әлемде ми күні, атаулы күн 2014 жылы бекітілген. Ми — адам үшін маңызды ағза. Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығында миға жылына 4500-ден астам ота жасалады. Оның ішінде балалармен қатар ересектер де бар. Осы орайда Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры, невролог, эпилептолог, нейрофизиолог Гауһар Ибатовамен ми қызметінің маңызы жөнінде тілдескен едік.

ибатова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Гауһар Сұлтанханқызы, пациенттер ми жұмысына қатысты қандай шағымдармен жүгінеді? 

— Ми күні атап өтуге тұратын күн деп ойлаймын, өйткені мидың арқасында адамзат дамып, осындай өркендеуге қол жеткізіп отыр. Біздің орталыққа пациенттер әртүрлі диагнозбен келеді, жасы да әртүрлі. Пациенттер бас аурудан бастап, есінен танып қалу жағдайларымен жүгінеді. Жиі кездесетін жағдай — ми ісігі, қатерлі ісікті тек ота жасау арқылы жоюға болады. Ал сәбилерге келсек, туабітті пайда болуы мүмкін немесе мидан ақау шығып жатады. Ересектердің дерті көп жағдайда эпилепсиямен байланысты, яғни ми құрысып қалады.

операция
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Ми жұмысын дамытудың қандай жолдары бар? 

— Миды сақтап, қорғау үшін алдымен дұрыс тамақтану керек. Мидың 60% майдан тұрады, ол дегеніміз — дәрумендер. Мысалы, В, А, Е, В1, В12, В6 — миға өте қажет дәрумендер. Бір қызығы, адам ағзаларының ішіндегі ең жалқауы — ми. Сол үшін миға жүктемені күшейту қажет, тек тамақ ішіп, жата берсең ми жалқаулана түседі. Оның кері әсері көп, есте сақтау, ақпарат қабылдау, ойлану қабілеті нашарлайды. Миға арналған жаттығуларға келсек, оқу, тіл үйрену, шахмат, домино ойнау, сөзжұмбақ шешу тағы басқа бар. Медицинада гиппокамп деген түсінік бар. Ол есте сақтау қабілетіне жауапты. Біз күні бойы көп ақпарат тыңдаймыз, қабылдаймыз, түрлі оқиғаларға куә боламыз. Сондықтан кешке қарай шаршаймыз. Бірақ, күні бойы ми қабылдаған ақпарат — қысқамерзімді, осы орайда миға демалыс керек. Осылайша, ұйқы кезінде мидағы күні бойы қабылданған қысқамерзімді ақпараттар есімізде ұзақ мерзімде сақталады. Миды тынықтырмай, ұйықтамаған, шала ұйықтаған адамдардың есте сақтау қабілеті нашарлайды.

Всемирный день мозга
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Мида миллиардтаған нейрон бар, олар бір-бірімен синаптикалық байланыста. Адам ішімдік ішкенде, шылым шеккенде немесе есірткі қолданғанда синаптикалық байланыс үзіледі, салдарынан есте сақтау қабілеті нашарлайды. Оның соңы психикалық ауытқуға алып келеді. Жалпы неврологтар пациенттің түріне қарап, оның өмір салтын біле алады. Ми ішінара бірнеше бөліктен тұрады.

— IQ жоғары адамның миы көп деген сөз бе?

— IQ жоғары болуы үшін бала кезден мән беру керек. Баланы дұрыс тамақтандырып, ағзаны тиісті дәрумендермен қамтамасыз еткен абзал. Бұл жерде ананың рөлі өте зор, кейде бізге мида ақауы бар сәбилерді алып келеді. Анықтай келе дұрыс тамақтанбау, дәрумен жетіспеушілігі анадан болып шығады. Қазір вегетариандар көп, яғни ет жемейді. Олардан туған сәбилерде миға қажетті дәрумендер жетіспейді. Тапшылық болғаннан кейін ол балада қайдан жоғары IQ болсын? Тағы бір мәселе, қазір екі баланың бірінде темір жетіспеушілігі бар. Ол темірдің миға қаншалықты қажет екенін айтып жеткізу мүмкін емес.

интервью
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Заманауи технологияның миға әсері туралы айтып берсеңіз?

— Қазір жасанды интеллектінің, озық, инновациялық технологияның дамыған заманы деп жатырмыз. Ол адамның миына, санасына кері әсерін тигізіп жатыр. Адамдар ештеңе істегісі келмейді, өйткені бәрі дайын. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің басты әуесі — әлеуметтік желілер. Күні бойы желіде отырады, компьютер ойнайды, ал миға күн сәулесі, таза ауа қажет.

операция
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Жүйке жүйесі тозып, миым ашыды деп келген пациенттерге қандай кеңес беріп, ем ұсынасыздар?

— Алдымен пациенттер өз шағымын айтады, солардың негізінде біздің мамандар пациентке сұрақ қойып, ақпараттарды жинап талдайды. Содан соң неврологиялық тексерістен өтеді, яғни 12 жұп ми жүйкесін қараймыз. Бұл жүйкелер бүкіл ағзаның әрбір қимылына жауапты. Егер тексеріс кезінде 12 жұп бас ми жүйкелерінің бірінен ақау байқалса, онда МРТ-ге (магниттік-резонанстық томография) түсіру керек болады. Осы жерде миға МРТ жасау арқылы адамның жай-күйін анықтауға болады.

Қазақстан — неврология саласының дамуы бойынша Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы ел деп айтуға болады. Біздің орталықтың ашылғанына 16 жыл болды, мен осы жерде ашылғалы еңбек етіп келем. Орталықтың қалай дамып келе жатқанына куәмін. Бұрын келген пациенттерді шетелге жіберетін едік, себебі бізде мүмкіндік болмады, қазір шетелге барудың қажеті жоқ, оталарды өзімізде жасай аламыз. Керісінше шетелден бізге келеді. Миға жасалатын отаның түрі мен деңгейі де әртүрлі. Бізге 1,5 жасар сәби (қыз) түсті, ол минут сайын құрысып қала беретін, ішпеген дәрісі қалмаған, бір күнде 5 түрлі дәрі ішеді екен. Ата-анасы соңғы үмітпен біздің орталыққа алып келген, әрине, уайымдадық, бірақ ота сәтті жасалды. Бастысы сәбидің құрысып қалуы бірден тоқтады, қазір кішкентай пациентіміз мектепке барады.

— Әңгімеңізге рақмет!

нейрофизиолог Гаухар Ибатова
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform
Всемирный день мозга
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар