Букмекерлік кеңселердің спортқа демеушілік көрсету тетігі өзгеруі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Букмекерлік кеңселер тарапынан спорт сайыстарына демеушілік тетіктері өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев айтты.

Букмекерлік кеңселер тарапынан демеушілік тетіктері өзгеруі мүмкін – вице-министр
Фото: predp.com

Айта кетейік, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ нормаларды шектен тыс (шектен тыс) заңнамалық реттеуді алып тастау туралы» заң жобасы талқыланды. 

Іс-шара аяқталғаннан кейін Серік Жарасбаев заң жобасының негізгі новеллаларын атады. Олар: спорт түрлеріне басымдық беру, спорт түрлері бойынша бір федерацияны айқындау, спорт түрлерін жаңаша қаржыландыру, медициналық инфрақұрылым мен спорттық медицинаны дамыту. Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің спорттық іс-шараларға демеуші ретінде қатысуын өзгерту бойынша ұсыныстар да қарастырылмақ.

«Букмекерлік кеңселерге қатысты депутаттар болашақта олардың Қазақстан чемпионаттарына демеуші ретінде қатысуын, олардың неймингін нақтылауға қатысты ұсыныстарын білдірді. Туризм және спорт министрлігі бұл ұсыныстарды қолдайды және алдағы уақытта жұмыс тобының отырысында букмекерлік кеңселерден демеушілік ұсыныстардың қалай болуы тиістігін жан-жақты қарастыруға дайын», - деді Серік Жарасбаев агенттік тілшісіне.