Бұқтырмадағы көпір Шығыс Қазақстанға қандай өзгеріс әкелді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жуықта Орталық Азиядағы ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталды. Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған осынау көпір өңір тұрғындарына қандай өзгеріс әкеледі? Облыстың дамуына қалай әсер етеді? Kazinform тілшісі бұл сұрақтардың жауабын біліп көрді.
Әлеуметтік әлеует
Көпірдің ашылуы қазан айындағы ең елеулі оқиғалардың бірі болды. ШҚО-ның жеті ауданы – Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Алтай, Үлкен Нарын мен Катонқарағай халқы бұл көпірді 60 жыл бойы күтті. Бұқтырма – қолдан жасалған әлемдегі ең үлкен су қоймасы. Ол Өскемен қаласына қатынайтын ең қысқа жолды жауып тастады. Сөйтіп, аудандардың облыс орталығымен байланысы қиындай түсті. Көктем мен күздің арасында су қоймасын паром арқылы ғана басып өту мүмкін болды. Паром кешіккенде ұзын-сонар кезек қалыптасса, сынып қалғанда көліктер кері бұрылып, аядай жерге айналма жолмен сағаттап жүруге мәжбүр болды.
– Балалар толы шағын автобуспен бара жатып, паромға сыймай қалған кезіміз болды. Азық-түліксіз балалармен жағалауда қонуға тура келді. Бортқа сыйып кету үшін жанжал да аз шыққан жоқ. Кестеге үлгеру үшін жылдамдықты асырған кездер де есімде. Тіпті бірде өзім рөлде отырғанда жол апатына ұшырадым, - деп еске алды күршімдік Мадина Мұқанова.
Қазір бұл бейнеттің бәрі артта қалды. Ең бастысы, қыста паром жүре алмаған кезде адамдар өмірлерін қатерге тігіп мұз үстінен өтпейтін болды.
– Енді аудандар тұрғындары, нақты айтқанда 152 мың адам тәулік бойы емін-еркін, өліммен бетпе-бет келмей Өскеменге қатынай алады. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін мұз өткелінде осы уақытқа дейін жүзден аса көлік батып, 300-ге жуық адам қаза болды, - дейді облыс әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов.
Медицина қызметкерлерінің де жүгі жеңілдеді. Енді Өскеменге шұғыл жеткізілетін науқастарды тасымалдау жылдам әрі арзанға түседі. Тікұшақты тартудың, ұшу үшін қолайлы ауа райын күтудің қажеті жоқ. Көлікпен де жүйтки береді. Бұл алтын уақытты үнемдеп, адам жанын құрығы ұзын ажалдан арашалап қалу мүмкіндігін арттыра түспек.
Экономикалық әсер
Ұзындығы 1 316 метрді құрайтын көпір құрылысының өзі өңір экономикасына оң әсерін тигізді. Жүздеген адам сол жерде жұмыс істеді, ондаған отандық кәсіпорын мамандары жұмылдырылды.
Көпірдің іргетасы 2020 жылы Президент Жарлығынан кейін бірнеше айдан соң қаланды. Бірақ материалдардың қымбаттағаны құрылыс жұмыстарының созылып кетуіне әкеліп соқты. Жобаны қайта қарау қажет болды. Сөйтіп оның құны екі есеге өсіп, 61 млрд теңгеге жетті. Қаржыландыру мәселесін шешу үшін көпір республика меншігіне өткізілді. Құрылысқа 500-ден астам адам тартылды. Оның 30-дан астамы – инженер.
Жұмыстың сапалы болуын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ШҚО филиалы бақылауда ұстады. 2024 жылдың өзінде мамандар 23 рет тексеру жүргізген. 147 сынама алынып, оның 28-і нормаға сәйкес болмай шықты. Мердігер 4,5 млн теңгеге материалдарды сатып алып, сол жерлерді қайта жөндеді. Нәтижесінде көпір барлық заманауи талапқа сай келді.
– Көпір озық инженерлік технологияларды қолданылып тұрғызылған. Ол тәулігіне 80 мың автокөлік өткізе алады. Көпірге дейін 18 шақырым жол салынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көпірдің екі жағына арнайы 40 мұз ойғыш орнатылған. Сонымен қатар 100-ден астам бейнекамера орнатылған, - деп хабарлады ҚР Көлік министрлігінен.
Мемлекеттің осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру арқылы мол тәжірибе жинағаны да аса маңызды.
– Халықты жұмыспен қамтамасыз ететін, инфрақұрылымдық байланысты жақсартатын осындай жобалардың көп болғаны дұрыс. Шетелден ешкімді шақырмай-ақ, өзіміздің күшіміз жетіп тұр. Біз ел үшін маңызы бар ірі жобаларды өзіміз жүзеге асыра аламыз. Алдағы уақытта солай бола береді де. Қазір Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша отандық кәсіпкерлерді, отандық өнімдерді қолдау саясаты жүргізіліп жатыр, - деді Премьер-министр Олжас Бектенов көпірдің ашылуында.
Логистиканың дамуы
Өңір инфрақұрылымының дамуына жеке тоқталмасқа болмайды. Көпір облыс орталығын Бұқтырма маңайындағы 7 ауданмен ғана емес, Қазақстан, Қытай, Ресей мемлекеттерін де байланыстырды. Бұл солтүстіктегі көршіміздің елдің шығысына қарай өтетін жалғыз қысқа жолы. Олардың арасындағы арақашықтық 60 шақырымға және бірнеше сағатқа азайды.
– Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін, - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатында сөйлеген сөзінде.
Сарапшылар логистиканы дамыту өз кезегінде мультипликативті нәтиже беретініне сенімді. Бұл кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларына жаңа серпіліс әкеледі. Бұқтырма жағасындағы аудандарда түсті металдардың едәуір мол қоры бар. Енді оларды өндіру және өңдеу бұрынғыға қарағанда жеңілдей түспек. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ет пен сүтті елдің басқа аймақтарына апарып, саудалай алады.
Көпір тауарлардың қозғалысын жылдамдатып, түрлі қызмет көрсету түрлеріне қолжетімділікті арттырады. Көмірді айналма жол арқылы тасымалдаудың қажеті жоқ. Бұрын паромға ауыр жүк көліктері мүлде кіре алмайтын. Демек, жеткізушілердің жолға кетер шығындары азайып, қара отынның бағасы да төмендейді. Мысалы, бұған дейін Өскеменде көмірдің тоннасы 15 мың теңге болса, шекара шебіндегі Марқакөл, Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарында 25-30 мың теңге аралығында сатылды.
Туризм туы тіктелмек
Бұқтырма арқылы өтетін көпір салынуының арқасында жаңа қарқынмен дамитын салалардың бірі - туризм. Мемлекет басшысы 2024 жылды Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы деп атап, екі елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілгені белгілі. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, осы жылдың 10 айында елімізге келген қытайлық туристер саны 64 пайызға артып, 122 мың адамға жеткен. 10,5 мыңнан астам адам (2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы дерек бойынша) Шығыс Қазақстанның шекарасын кесіп өткен. Демек, олар Бұқтырма су қоймасынан өтті. Енді көпір облысқа табан тіреген туристердің жолға кетер уақытын үнемдей түспек.
– Шығыс Қазақстан таңғажайып өлке. Қазақстанның барлық су ресурсының 40 пайызы осында. Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтау, Бұқтырма жағалауы, басқа да көз тартар көрікті жерлері көп. Туризмнің әлеуеті зор! Кәсіпкерлер қазірдің өзінде Қытайдан капсулалық үйлер әкеліп, мейрамханалар салып, өзен-көл жағалауларында жаңа жобаларды қолға алуға қызығушылық танытып отыр. Мұнда қысқы шаңғы туризмі де жақсы дамыған, - деді ШҚО әкімінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменов.
Бұқтырманың екі жағалауын біріктірген көпір туризмнің дамуына жаңа серпін сыйлайтыны анық. Десе де бәрі қас қағымда болмайды. Ол үшін мол еңбек пен біршама уақыт қажет.