Бұл атақ маған серпін береді – еңбек сіңірген ең жас спорт шебері

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы тұңғыш рет оқушыға берілді

Бұл атақ маған серпін береді — ең жас спорт шебері
Фото: www.instagram.com/aldiyar_ansat

Жас әлем чемпионы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында қонақ болды.

— Еңбек сіңірген спорт шебері атағын алғанда керемет әсерде болдым. Жеңілдікті сезіндім. Бұл біраз еңбектің нәтижесі. Маған жаңа жетістіктерге жетуге серпін береді. Жаңа мақсат қойып, жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі. Шынында бұл атақты береді деп мүлде күтпеген едім, — дейді Алдияр Аңсат.

Ең жас еңбек сіңірген спорт шебері шахмат ойнауды әкесінен үйреніпті.

— Шахматты 4 жасымнан бері ойнаймын. Әкем үйреткен. Өзі де шахматшы болған. 5 жасымда Астанадағы орталық шахмат клубына апарып, сол жақта жаттықтым. Ата-анам кішкентай кезімнен түрлі жарыстар мен турнирлерге алып баратын. Сабақ пен шахматты қатар алып жүру аздап қиын. Бірақ маған мұғалімдерім үнемі көмектеседі. Негізі үлгеруге болады, — дейді студия қонағы.

Алдияр әлемге танымал Магнус Карлсеннің ойынын ұнатады екен. Бірақ ешкімді кумирім деп есептемеймін деген әлем чемпионы ерекше жарыстарының бірін есіне алды.

— Менің ерекше ойындарым өте көп. Мысалы, 2024 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатының 10-ойынында норвегиялық қарсыласпен бәсекелестім. Сол ойыным сәтсіз болды. Ұтылғалы тұрғанмын. Бірақ қарсыласым да жаңылысып, сайыс нәтижесі тең түсті. Сол ойын маған әлем чемпионатының күміс жүлдесін алуға көмектесті, — дейді ол.

Студия қонағы жақсы нәтиже көрсету үшін талмай еңбектену керек дейді.

— Күніне бірнеше сағат шахматпен айналысамын. Дебют, тактика, ойынды сараптау жұмыстарын жасаймыз. Ал жарыс кезінде тәулік бойы дайындаламыз. Адам ең бірінші өзіне сеніп, алдына мақсат қою керек, — деді еңбек сіңірген спорт шебері. 

Соңғы жаңалықтар