Бұл бағыт - мемлекетті басқарудың тиімділігін күшейтетін бірден-бір жүйе - Сәулет Сахиев

«Осы тұрғыда Мемлекет басшысы конституция мен заңдарға өзгерістер енгізу арқылы қазіргі президенттің өкілеттілігін бөлу мәселесін алға тартты. Аталған жүйенің жұмыс істеу ұстанымын зерделеуде Елбасының ұйғарымымен арнайы құрылған жұмыс тобы жасақталып, өз есебін берді. Баяндалған реформа екі негізгі бағыттан тұрады. Оның алғашқысы, президент өкілеттілігінің әлеуметтік - экономикалық үдерістерді реттеудегі мәселелерді Үкімет пен басқа да атқарушы органдарға жүктеуде болса, ал екіншісінде Парламенттің рөлін күшейтіп, министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар екінші бағыт бойынша парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл процесс арқылы биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауы күшейтіледі.
Аталған реформа қоғамдық талқылауға салынады және арнайы құрылған жұмысшы тобы келіп түскен ұсыныстар арқылы негізгі қорытынды жасайды. Елбасы өз сөзінде бұл екі бағыт бойынша жасалатын жұмыстардың жауапкершілігі көп екенін айтып, жаңа саяси жүйенің күрделі екеніне тоқталды. Бұл бағыт мемлекетті басқарудың тиімділігін күшейтетін бірден-бір жүйе екені даусыз», - деп ойын қорытындылады Сахиев.