Болашаққа бағытталған іс-қимыл бағдарламасы – Әзербайжан сарапшылары Жолдау туралы

АСТАНА. KAZINFORM - Әзербайжандық сарапшылар Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру бастамасын ерекше атап өтті. Бакуде мұны жергілікті билік деңгейінде басталған саяси жаңғыртудың заңды жалғасы ретінде қарастырып отыр.

Azerbaijani experts on Kazakh President’s address: An action plan focused on the future
Photo credit: Collage/Kazinform

Оңтүстік Кавказ зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Фархад Мамедов Жолдаудың саяси бөлігі аса маңызды ұсыныстарды қамтитынын айтты.

— Президент Тоқаевтың саяси саладағы реформасы – бұған дейін жергілікті деңгейде басталған өзгерістердің қисынды жалғасы. Енді бұл жолы биліктің екінші тармағы – заң шығарушы орган туралы сөз болып отыр. Парламентті толықтай партиялық тізім бойынша сайлау арқылы бір палаталы жүйеге көшу саяси бәсекелестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл партиялардың рөлін күшейтіп, биліктің ашық болуына және есеп беруіне септігі тиеді, сондай-ақ Үкіметті бақылау тұрғысынан заң шығарушы органның өкілеттігін кеңейтеді, – деді сарапшы.

Мамедовтың айтуынша, реформаның басты ерекшелігі – оның ашық түрде талқыланып, тек референдум арқылы жүзеге асырылатындығы. Бұл ашық демократия талаптарына сай келеді.

Саяси сарапшы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде Жолдауда айтылған технологиялық және институционалдық бастамаларға, соның ішінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруға назар аударды.

— Қазақстан Президенті «цифрлық держава» құруда нақты стратегияны көрсетті. Бұл жай ғана мәлімдеме емес, бұл – тұтас бағдарлама. Қазақстан технологиялық егемендіктің негізін қалап, цифрлық күн тәртібін заңды жүйеге енгізіп жатыр. Мұндай қадам жасанды интеллектінің қарқынды дамуы және цифрлық ресурстар үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында аса маңызды, – деді Ильгар Велизаде.

Сондай-ақ, сарапшы контейнерлік тасымалдарды ынталандыру, логистиканы цифрландыру, Smart Cargo жүйесін енгізу және көлік хабтарын дамыту – бүкіл инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жүйелі тәсіл екенін айтты.

Оның айтуынша, жоғары технологиялық және өңдеу секторларына халықаралық инвестиция тарту мәселесінде екі елдің ұстанымдары үндесіп жатыр.

Велизаде Жолдаудың экологиялық бөлігіне, әсіресе Каспий теңізінің таяздануы туралы айтылған алаңдаушылыққа ерекше тоқталды.

— Президент Тоқаев Каспий маңы елдерінің барлығына ортақ мәселені атап көрсетті. Теңіздің таяздануы – бұл өңір экономикасы, логистикасы және экожүйесі үшін үлкен сын. Ортақ әрекетке шақыру – дер кезінде жасалған әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам. Бұл мәселе Әзербайжан тарапынан да толық қолдау табады, – деді ол.

Жолдаудың сыртқы саясатқа қатысты бөлігіне пікір білдірген бакулік STEM талдау орталығының директоры Орхан Йолчуев Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағын атап өтті.

Оның айтуынша, Президент Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған дипломатиялық тәжірибесі бар. Сондықтан оның сөзі халықаралық қауымдастықта үлкен қолдау тауып, Қауіпсіздік кеңесінің болашағына қатысты ауқымды диалогқа серпін бере алады.

— Мұндай мәлімдемелер дағдарыстар мен қақтығыстар салдарынан қазіргі бар тетіктердің тиімділігіне күмән келтірілген қазіргі таңда аса өзекті. Халықаралық ұйымдарды басқару ісінде Қазақстан, Әзербайжан секілді «жаңа орта державалардың» дауысы күшейе түсуі қажет. Олардың өңірлік қауіпсіздік, климаттық күн тәртібі, тұрақты даму салаларындағы нақты үлестері бұл елдерді жаһандық аренада маңызды ойыншыларға айналдырады, – деп сөзін толықтырды сарапшы.

Жалпы, сарапшылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы стратегиялық тұрақтылық пен заманауи ойлау жүйесін көрсететінін атап өтті.

— Бұл жай ғана саяси мәлімдеме емес – бұл болашаққа бағытталған нақты іс-қимыл бағдарламасы. Қазақстан жаңа жағдайларға бейімделе отырып, өзінің негізгі қағидаттарынан айнымайтынын көрсетіп отыр, – деді сарапшылар.

Бұған дейін Айдос Сарым бір палаталы Парламент құруға қатысты пікірін білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар