Бұл жетістігіме әкем себепкер болды — АҚШ-тың 7 университетінен шақырту алған Нұрсила Берікбаева
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай қаласында тұратын Нұрсила Берікбаева есімді талапкер қазірдің өзінде АҚШ-тың 7 университетінен шақырту алған. Kazinform агенттігінің тілшісі әлемнің озық оқу орындарының үдесінен шыққан жас арумен тілдесіп, бұл жетістігінің сырын сұрап білді.

— Әуелі өзіңізбен танысып алайық. Қайдан боласыз? Қайда білім алдыңыз?
— Қостанай өңірінің тумасымын. Жасым 17-де. Үйіміз Рудный қаласында тұрады. Өзім биыл Қостанайдағы «Qazbilim» ұлттық лицейінің 11-сыныбын бітірдім. Онда 9-сыныптан бастап оқыдым.
— Сіз АҚШ-тың 7 оқу орнынан шақырту алды деп естіп жатырмыз. Соны тарқатып айтып берсеңіз?
— Мені оқуға шақырған 7 жоғары оқу орны АҚШ-тың әртүрлі штатында, әртүрлі қаласында орналасқан. Осы 7 университетке түсу үшін мен бірінші SAT, IELTS секілді тестілерді тапсырдым, ынталандыру хатын, сондай-ақ мұғалімдерден ұсыным хат алып жолдадым. Одан бөлек басқа да жетістіктер керек болды. Мысалы, еріктілер қозғалысына қатысуың керек. Соның бәрін жинап, өткен жылдың желтоқсан айында жібердім. Қазіргі таңда 7-еуінен шақырту келіп тұр.
— Осы 7 оқу орнын атап көрсете аласыз ба? Бәрі де Америка Құрама Штаттарында орналасқан ба?
— Иә, бәрі АҚШ-та орналасқан. Атап өтетін болсам, олар мына университеттер:
- DePaul university
- Albion college
- Suffolk University
- Loyola university
- New haven university
- Montclair university
- New Hampshire university.
— Біздің елде ЖОО гранты берілгенде, оқу толықтай тегін болады. Ал шетелдерде грант ұғымы ондай емес, оқу ақысының белгілі бір пайызына жеңілдік жасалатын да гранттар болады. Сізге шақырту жолдаған оқу орындарының шарты қандай?
— Жалпы, менің білуімше, АҚШ-та толық грант алу мүмкіндігі өте аз, сондықтан көбіне тек жеңілдік ұтып алуға болады. Мен түскен университеттер маған 80-90% жеңілдік берді, яғни қалған соманы өзім төлеуім керек болады.

— Қандай мамандық бойынша білім алуды жоспарлап отырсыз?
— Business administration and management мамандығын (Бизнесті басқару және менеджмен – ред.) таңдап отырмын. Осы университеттерге хат жолдағанда екі мамандықты таңдап көрсетуің керек. Мен біріншісіне осыны, ал екіншісіне экономист мамандығын көрсеттім.
— Бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймыз. Әдетте ата-аналар баласы елдегі оқу орнына грантқа түссе де бөркін аспанға атып қуанып жатады. Ал сіздің жағдайда сонау АҚШ-тағы 7 университет бірден шақырту беріп отыр. Бұл жетістіктің сыры неде? Қалай дайындалдыңыз? Күніне дайындыққа қанша уақыт жұмсадыңыз?
— Жалпы мен репетиторлардың көмегімен 5-6 сыныптарда ағылшын тілін үйренуді бастадым. 9-сыныпта «Qazbilim» ұлттық лицейіне келген кезде менің ағылшыншам В1 (Intermediate – орташа) деңгейде болды. Осы кездерде негізінен ағылшыншамды мықтап қолға алдым. Маған IELTS-қа дайындалу керегін түсіндім. Біздің мектепте IELTS-сыныптар бар, сонда білім алдым. Одан бөлек күніне 2-3 сағатымды арнап отырдым. Көптеген Speaking club-тарға қатыстым. Ақыры 10-сыныптың аяғында IELTS-тан 7 балл, 11-сыныптың басында 7,5 балл алдым.
IELTS-қа дайындықта ағылшын тілінен беретін ұстазым көп көмек көрсетті. Ол кісі әр баланың жүрегіне жол таба біледі. Мысалы, оқушының қызығушылығына сәйкес тақырыпты түсіндіріп, соған мысал келтіреді.
SAT экзаменіне 4-5 ай дайындалдым. Күнделікті ағылшын және математика пәнінен беретін мұғалімім көмектесіп отырды.
— Осындай көрсеткішке жетуге не себеп болды деп ойлайсыз?
— Менің жетістіктерге жетуіме басты себеп – әкемнің қолдауы деп ойлаймын. Біз негізі көпбалалы отбасымыз, үйде 5 қызбыз. Әкем кішкентай кезімнен бастап «шетелде білім ал, ағылшын тілін жетік меңгер» деп үнемі айтып отыратын, мотивациялық ақыл-кеңестер беретін. Сондай қолдаудың арқасында осындай жетістікке жеттім.
Одан бөлек тіл үйренгенде әрбір адамға «мен ағылшын тілін қанша оқып жатсам да әлі жақсы білмеймін, бұл тілді жетік білу қиын» деген ой келеді. Бұл сондай бір кезең, сол сәтте берілмеу керек, ары қарай жалғастыра беру керек. IELTS-тан 6,5 алсаң кейбіреулер бұны төмен көрсеткіш санайды. Ал ол адам тағы сәл еңбектеніп, тағы сәл табандылық танытса, 7,5-ке де жетеді.
— Ең жіті дайындалып жүрген кездегі күн тәртібіңізді айтып берсеңіз? Ол қай сыныпта болды?
— Ол кезеңді 10-сыныпта өткердім. Күн тәртібім былай еді: таңертең 6-ларда тұрып, бірден ағылшынша сөздер жаттаушы едім. Себебі таңғы уақытта жаттаған сөздер есте жақсы сақталады. Мектепке барған соң да IELTS-қа дайындық және ағылшын тілі пәндеріне басымдық беретінмін. Өзге пәндерге қатты көңіл бөлмей кеткен кездерім де болды. Сондықтан менің таң атқаннан күн батқанға дейінгі бар ойым тек ағылшын тілінде болды десем болады.
— Қандай хоббиіңіз, қызығушылығыңыз бар?
— Мамандығым бизнеске қатысты болғандықтан көптеген бизнес-конференцияларға, бизнес-жобаларға қатысуға тырысамын. Алдыңғы жылы өз қаламда Моментум деген бизнес-жоба болған еді. Онда 3 ай курстан өтесің, одан кейін өз жобаңды қорғайсың. Мен сонда 1-орын алып, 100 мың теңгедей сыйақы ұтып алдым. Менің жобам ұлттық нақыштағы киімдерге қатысты болды.
— Болашаққа жоспарыңыз қандай?
— Шынымды айтсам, қай университетті таңдайтынымды әлі шешкен жоқпын. Бірақ шетелде оқысам, сонда бизнес мамандығы бойынша бакалаврды да, магистратураны да тәмамдап, кейін Қазақстанға келіп, өзімнің бизнесімді ашқым келеді. Кәсібімді білім беру саласынан ашар едім. Әкем де көптеген жылдан бері бизнес кәсіппен айналысады, мен де сол кісі секілді жеке кәсіпкер болғым келеді.
— Іске сәт! Арман-мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз!