Бұл жылда бізді кімдер, қалай таңғалдырды
АСТАНА. KAZINFORM – Күні ертең 2024 жыл да тарих қойнауына сіңеді. Бұл жыл қазақстандықтарды бірде тіксінтіп, бірде күйзелтіп, бірде қуантып, бірде сүйсінтті. Бүгінгі материалда жыл бойында баршаны тосын мәліметімен таңғалдырып, ерекше ісімен сүйсінткен адамдарды еске түсіріп көрдік.

Қазақ медицинасының Одиссейі
Оның аты-жөні – Дос Сарбасов. Онкологияның төртінші сатысындағы адамдарға қолданатын дәрі ойлап тапқан. Ол алдымен дәрісін кеміргіштерге сынаса, биыл адамға жасалған сынақтың бірінші сатысын сәтті аяқтап отыр.
Екінші сатыда сынау үшін дәрінің онкологияның қай типіне көбірек тиімді екенін анықтау қажет. Сол үшін енді онкологияның бірнеше түріне сынап көрмекші.

Биологтің өзі бұл дәрінің жұмыс принципін әйгілі Гомердің Иллиада поэмасындағы Трояның бекінісін алуға қолданылған «ағаш ат» тәсіліне ұқсатады. Қазақ медицинасының Одиссейі деп отырғанмыз содан.
Қарапайымдап айтсақ, ғалым «С» дәруменінің «D» типі мен (ғылыми формуласы – D-CV - ред.) күшән оксидін (arsenic trioxide, ATO) кезектестіріп егу арқылы рак жасушасын жоюға болатынын дәлелдеп отыр. Бұлардың құрылымы глюкозаға ұқсас. Рак жасушалары оны глюкозаға ұқсас болғандықтан қан құрамынан көрген бойда өздеріне сіңіреді. Осылайша екпе рак жасушаларын іштен улап жояды.
Қазақ ғалымының бұл формуласы бүкіл сынақтан сәтті өтсе, онкология саласында әлемдік деңгейде жаңалық ашқан болып шығады. Өйткені онкологияда мутацияланған KRAS-жасушаны жою күрделі мәселе болып есептеледі. Сондықтан ағзасында мұндай ген пайда болған адамдар көп өмір сүрмейді. Бұл дәрінің тиімділігі бүкіл сынақтарда дәлелденіп шықса, онкологияның ең қиын мәселесіне шешім табылды деген сөз.
Роботты бағындырған оқушылар
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары (Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан) Грекияда робот техникасынан өткен Әлем чемпионатынан чемпион болып оралды.

Қазақстанның құрама командасы бұған дейін Швейцария (2022 ж.) мен Сингапурде (2023 ж.) өткен Әлем чемпионаттарында үздік деп танылған. Оларды бұл сайысқаАсылбек Мырзахметов, Нұрдәулет Досмағамбет және Дулат Байтөленов баптап қосқан еді.
Арал утопиясы
Жаз ортасында Алтай Айнабек атты адамның Арал өңірінде жүріп түсірген видеолары TikTok пен Inatagram-ды шулатты.

Атмосфераны иондау арқылы қолдан жаңбыр жауғызып, Аралды қалпына келтіріп жатырмын деген мәлімдемесі аймақтағы жаңбырлы күндерге дөп келіп, жұрт технологияның құдіретіне сенер-сенбесін білмей қалған. «Қазгидромет» мекемесі Kazinform сауалына жолдаған жауапта істің ақ-қарасын ашып айтты.
- Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ауа райына әсер ету саласын зерттейтін сарапшылары иондау технологиясын зерттегенін хабарлайды. Сол зерттеудің баяндамасында «иондау арқылы жауын-шашын шақырылды» делінген оқиғалардың ешқайсысы бақылаулармен де, аумақ бойынша сандық модельдеумен де расталмағаны» мәлімделген», - деп жазылған жауапта.
Бұл жердегі «Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым» – Біріккен ұлттар ұйымының атмосфераны бақылап, оның мұхиттармен өзара әрекеттесу мәселелерін зерттейтін құзыретті органы.
- Шілде айында (1-22 шілде) облыс аумағы баяу қозғалатын Оңтүстік циклонның ықпалында болды. Сонымен 06, 08 және 10-20 шілде күндері 0,1-ден 13 мм-ге дейін жауын-шашын түсті. Осы айтылғандарды ескере отырып, Қызылорда облысы мен Қызылорда қаласында түскен жауын-шашын табиғи синоптикалық жағдайлармен байланысты болғанын және 10 күнге дейінгі дәлдікпен алдын ала болжанғанын атап өткен жөн», - деп жазды синоптиктер.
«Қазгидромет» жауабынан бұл жазда Солтүстік Аралдың суы аспаннан түскен жауынның әсерінен емес, Шардарадан келген судың есебінен молайғанын түсінуге болады.

«108 жастағы» сиыр
Жоғары аудиторлық палата жуықта ғана Мәжіліс депутаттарының алдында ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан субсидиялардың тиімділігіне байланысты жүргізілген аудиттің қорытындысын жариялады. «108 жастағы» сиырды базаға тіркеп, субсидия алу фактісі осы кезде жұртқа мәлім болған.

— Субсидия жымқыру тәсілдерінің шектен шыққаны сонша 1 299 айлық ірі қараға субсидия төлеу фактісі анықталған. Бұл - 108 жыл деген сөз. 1917 жылдың наурызында туған мал деп келтірген. Басқаша айтсақ, әкімдіктер Амангелді Иманов көтерілісі басталардан екі жыл бұрын туған сиырға субсидия берген, — деді депутат Бақытжан Базарбек.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мұндай заңсыздықтың болғанын және аудит кезінде әшкереленгенін айтты.
Жалған құжат дегеннен шығады, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 5 млн малдың қағазда ғана бар болып шыққанын айтқан.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ірі қараның санын асырып көрсеткен өңірлердің қатарын Түркістан облысы бастап тұрғанын мәлім етті.
Ал қойдың санын Алматы, Жамбыл облыстары шектен тыс асырып жазып келген. Қайта есептеу кезінде қағаздағы 12 млн 904 мың 748 құстың тек 8 миллионнан астамы ғана шынайы өмірде бар екенін белгілі болған. Бұл көрсеткішті шектен тыс асырып көрсеткен өңірлер – Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Ұйқышыл патриот

Тәуелсіздік күні қарсаңында Әнұранның әуезінен оянған сәбидің қолын кеудесіне қойып, Гимнге құрмет көрсеткен видеосы әлеуметтік желі қолданушыларын сүйсінтті.
- Осындай сәбилеріміздің болашағы жарқын болуға тиіс. Тфәй, тіл көзден сақтасын, - деп жазды желі оқырмандарының бірі.
- Кішкентай ботақанның патриоттық сезімін көріп... мәңгүрттер де оянса екен деп... армандайсың, - деп пікір қалдырғандар да болды.
Тасқындағы «қос аққу»
Көктемгі тасқындардың кезі. Бірінің баспанасын су шайып, бірінің малы қырылып жатқан шақта қиын табиғи апаттың салдарын романтикалық сәтке айналдыра білген ерлі-зайыптының әрекеті халықтың көңілін бір көтеріп тастады.
- Үйленген кезде «қос аққудай айдын көлде қатар жүзіңдер» деген тілек айтып еді. Сол тост 34 жылдан кейін жүзеге асты. Айтқан тілек қабыл болып, қос аққудай қатардай жүзіп жүрміз. Біздің жағдай осы, - дейді видеоның иесі.
Қиын сәттің өзінен жылу таба білген жұпқа желі қолданушылары ақ тілегін жаудырып жатты.
Мамандар биылғы тасқынды кейінгі 80 жылда болып көрмеген ауқымды қамтығанын айтты. Тасқын кезінде «Біз біргеміз» деген ұранмен елге көмек жинаған қайырымдылық қорының маңындағы шу да елді таңғалдырды деуге болады. Перизат Қайрат есімді белсендінің тасқыннан кейін қалай күрт байығанын құқық қорғау органдары жуықта ғана мәлім еткен болатын.
Astana Hub түлектерінің әлемді мойындатқан стартаптары
Astana Hub халықаралық технологиялық паркінен қолдау көрген талантты ІТ мамандардың алды әлем нарығына шығып, стартаптарын табыс көзіне айналдырып жатыр.
Солардың ішінде 8 елдің 300 мектебінде жұмыс істеп тұрған CodePlay жобасын бөлек атауға болады. Бұл ІТ оқытуға арналған, LEGO-ның арзандатылған нұсқасы деуге болады. Ал қолдың күре тамыр арқылы адамды ажырататын Alaqan стартабы бүгінде Сауд Арабиясында қолданысқа енгізіліп жатыр. «Jet» стартабы да 8 елде жұмыс істеп тұр. Оны самокаттардың Uber-і деуге болады. Жоба паркінде 30 мыңнан астам самокат бар. Сондай-ақ, «1 Fit» стартабы Малайзияда ең көп жүктелетін қосымшалардың бірі болып отыр.
SpaceLab стартабы биыл АҚШ-тың Калифорния штатында ең үздік әрі болашағы зор жоба деп танылды. Жоба спутниктік желілерді қолдана отырып, деректермен алмасудың сенімді шешімін ұсынады. Демек, әлемнің кез келген жерінен интернеттің бар-жоғына қарамастан деректерді тасымалдауға мүмкіндік береді.
Жоба авторлары SpaceLab-ты қазақстандық телекоммуникация, тау-кен өндіру және медициналық компанияларға пилот ретінде енгізу жөнінде келісімдер жасап жатыр. Өнімге Эфиопия да қызығушылық танытқан. Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығатын мүмкіндік те ашылып отыр.
Айта кетсек, бұған дейін 2024 жылы мәдениет саласында болған есте қаларлық оқиғаларға шолу ұсынылған еді.