Бұлан мен елік тоқ: «Ертіс орманында» азық орындары ұйымдастырылып жатыр

Павлодардағы жалқарағай ормандарында тұяқты жануарлар үшін арнайы азық орындары бар. Аңшылықтанушы мамандар мен инспекторлар күн сайын оттықтарға бұтақ бумаларын іліп, жем-шөп шашады. Жабайы жануарлар ыдыстағы тұзды жалап, жасанды су қоймаларынан мейірлері қанғанша су ішеді, деп хабарлайды Kazinform.

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Жер бетін ақ мамық көрпе жапқан мезгілде де «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында қауырт жұмыс тыншымайды. Қыс қаһарына мініп, омбы қар түскенде Шалдай және Бесқарағай филиалдарындағы қызметкерлер жануарлар әлемін браконьерлерден қорғау, жабайы аңдарды тіркеу мен олардың көшіп-қону мониторингін жүргізеді. Бұл уақытта тұяқты жануарлар үшін қар астынан азық тауып жеу қиынға соғатыны мәлім. Осыны ескерген жергілікті аңшылықтанушы мамандар орман арасын мекендейтін бұлан, елік сияқты сүтқоректілерге азық орындарын ұйымдастырады.

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

- Орманшылар тілінде бұл биотехникалық іс-шара деп аталады. Биыл орман жануарлары үшін біздің резерваттың қызметкерлері ағаш бұтақтарының 2000 дана бумасын, 50 центнер шөп, 2000 килограмнан астам азықтық тұз дайындап қойды. Резерват аумағында 63 дана оттық, 63 дана тұз жалақтар, 63 азықтандыру алаңдары, 70 жасанды суаттар, жануарлар әлемін қорғау тақырыбында 30 аншлаг орнатылған,-дейді «Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметкері Арай Атығаева.

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Айтып өтейік, орман қорғау мекемесінің негізгі міндетіне тек жалғақарағай ормандарын қорғау ғана емес, ондағы өзге өсімдік түрлері мен жануарлар әлемін сақтау да кіреді. 2003 жылы резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң бар.

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Мекеме аңшылықтанушысы Марат Амановтың айтуынша, 16 орман шаруашылығының әрқайсында бір аңшылықтанушыдан бар. Жаз бойы орманшылардың көмегімен тұяқты аңдарға қысқы азықтар дайындалады.

Орман Шрауашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

«Биылға жалпы салмағы 50 тоннадай азығымыз дайын тұр. Көбіне қайың мен көктеректің бұтақтарынан буылған сыпырғылардың молынан дайындалуына көңіл бөлеміз. Себебі бұлан мен елік аталған ағаштардың жапырақтарымен, ұсақ бұтақтарымен азықтанғанды ұнатады. Оларды мезгіл сайын арнайы оттықтарға апарып іліп қоямыз. Жануарлар оттыққа дейін жеңіл жетуі үшін ағаштар арасын трактормен күреп, жол да жасап қойдық. Соңғы есебіміз бойынша Шалдай ормандарында 193 бұлан мен 720 елік бар. Тұяқты жануарлар көбіне орманның алаңшықтарын мекендейді. Қысқы іс-шараларға орман инспекторлары да атсалысады» дейді аңшылықтанушы.

Резерват аумағында бүгінде аң аулаудың барлық түріне тыйым салынған.

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты
Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты
Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты
Соңғы жаңалықтар