Бұланды ауданында «Жол картасы» бағдарламасында 156 миллион теңгенің жұмысы атқарылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың айтуынша, айтулы мемлекеттік маңызды іс-шара барысында Капитоновка, Макин қаласындағы екі орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Журавлевка, Елтай ауылдарындағы білім ошақтарының жылу жүйесі жөндеумен қамтылды. Аудан орталығында жаңа балабақша құрылысы шешімін тапты. Бюджеттік мекемелердегі нысандардың су, жылу, электр жүйелерін ретке келтіру жүзеге асырылды. Тоқтамыс ауылының мәдениет ошағы қалпына келтірілді. Тозығы жетіп, жүдеп-жадап қалған аудандық емхана жаңаша түрлендірілді. Жалпы Жол картасына орай 217 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал «Жастар тәжірибесі» жобасына 3,2 миллион теңге, әлеуметтік жұмыс орындарына 111,7 миллион теңге жаратылған. Жарқын іс ағымдағы жылы жалғасын табатын болады.