Бүлдіршіндердің 71,5 пайызы балабақшамен қамтылды - Үкімет отырысы

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның сайлауалды тұғырнамасының орындалу мәселесіне арналған Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
Министрлік «Нұр Отан» партиясы тұғырнамасының 27-тармағы бойынша жауапты орындаушы болып саналатындығын ескертіп өткеннен кейін: «Бұл бағыттағы жұмыстар толығымен орындалуда. Мектепке дейінгі білім бойынша біз жоспарды мерзімінен бұрын орындап отырмыз. Қазірдің өзінде балаларды қамту 71,5 пайызды құрайды»,-деді ол.
Бұл көрсеткішке мемлекеттің қаржысы есебінен ғана емес, сонымен қатар жекеменшік капиталды тарту арқылы қол жеткізілген. «Енді партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы балабақшамен 100 пайыз қамту туралы тапсырмасын іске асыруға кірісеміз»,-деді Б. Жұмағұлов.